Аңдатпа
Бұл мақалада Алматы облысы Теріскей Алатау жотасынан гүлдеу-жеміс түзілу кезеңінде жиналған Thermopsis turkestanica Gand. өсімдігінің жер үсті (сабағы, жапырағы, гүлі) бөлігіне жүргізілген фитохимиялық және сандық зерттеу жұмыстарының нәтижелері берілген. Жұмыс барысында Thermopsis turkestanica-ның ҚР МФ бекітілген емдік өсімдік шикізаттарына қойылатын сапалық талаптарға сай екендігі анықталды. Хлороформды және этилацетатты сығындыларға қарағанда сулы-спиртті (90%<80%<50%) сығындылармен экстрактивті заттар көбірек бөлінетіні белгілі болды. Фитохимиялық талдау сатысында жалпы әдістер мен хроматография әдістері арқылы Thermopsis turkestanica Gand. құрамынан келесі биологиялық белсенді заттар табылды: флавоноидтар, алкалоидтар, амин қышқылдары және көмірсулар. Сандық талдауда, зерттеу нысанының құрамында алкалоидтар (5,13%) мен амин қышқылдарының (8,16%) мөлшері басым болып шықты. Thermopsis turkestanica-ның әр түрлі сығындылары Ferric Reducing/Antioxidant Power assay (FRAP) әдісімен антиоксиданттық белсенділікке зерттелді. Жүргізілген зерттеуде сулы-спиртті сығындылар 0,5 мг/мл-1мг/мл концентрациялар арасында стандартты үлгімен салыстырғанда жоғары антиоксиданттық белсенділік көрсетті.