Аңдатпа
Зерттеу жұмысында қазақтың ұлы ақыны, философ-ойшыл А.Құнанбайұлының қара сөздерінде қолданылатын сұраулы сөйлем құрылымдары мен семантикалық ерекшеліктері қарастырылған. Абай шығармашылығында адам маңызды орын алады. Зерттеу нысанына алынып отырған А.Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде адам мінезінің түрлі жақтарын, жан мен тәнді, махаббат пен ғадаләтті, адамгершілік пен надандықты, ақиқат пен зұлымдықты тереңнен толғай отырып, адамның жағымды мінездерін өз оқырманына үлгі қылып көрсетіп, жаман мінездерден жиіркенуіне насихаттайды. Ойшыл-ақын шығармаларында жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімнің атқаратын қызметі, сондай-ақ, бала психологиясы мен қоғамдық психологияның жекелеген мәселелері де (адамның жеке басына жіне жасына байланысты ерекшеліктері, әдеп, үлгі-өнеге, өзін-өзі тәрбиелеу және т.б.) көрініс тапқан. А.Құнанбайұлы философиялық ойларын тұжырымдап, оқырманға жеткізуде сұраулы сөйлем түрлерін жиі қолданған. Зерттеу жұмысының мақсаты ‒ А.Құнанбайұлының қара сөздеріндегі сұраулы сөйлем құрылымдарын анықтап, жасалу жолдарын, құрылымдық-семантикалық сипатын қарастыру. Қойылған мақсатқа сай зерттеу жұмысында сұраулы сөйлемдер жеке синтаксистік құрылым ретінде қарастырылып, олардың құрылымдық ерекшеліктері анықталды. Әрі А.Құнанбайұлының қара сөздерінде қолданылған сұраулы сөйлемдердің жасалу жолдары талданып, қолданылу жиілігінің статистикасы берілді. Сұраулы сөйлем басқадан жауап күту, тыңдаушының ой-пікірін білу мақсатымен қатар, пікір білдіру, ақпарат беру мағынасында қолданылатыны, әрі түрлі модальді мағыналарды үстейтіні талданды.