Аңдатпа
Мектеп оқулықтарының терминдері, олардың бірізділігі, терминологиялық талаптарға сәйкестігі, оқушыларға ақпаратты жүйелі берудегі терминдерді бірізді қолданудың маңыздылығы, қызметі, орны талқыланып жүрген өзекті мәселелердің қатарына жатады. Осы мақсатта 1-6-сыныптардағы «Жаратылыстану», «Математика», «Информатика» пәндерінің оқулықтарына, терминдердің қолданысына, ерекшеліктеріне және терминдерден тыс жалпы қолданыстағы сөздерді бірізді, жүйелі қолдану жағдайына талдау жасалып, баға беруге ұмтылыс жасалады. Ақпараттың жүйелі берілуі үшін қайсыбір қолданыстардың бірізді берілуі маңызды. Бұл, әсіресе, оқулықтар үшін ерекше талаптың бірі. Ал жаратылыстану ғылымдарына, оның ішінде математикаға ұғымдардың, жүйенің ретті болуы, ретті берілуі тән. Нақ осы мәселе нормативтік құжаттар үшін де, оқулықтар үшін де өзекті болып отыр. Оқулықтардағы терминдердің, сөз қолданыстарының бірізді қолданылуын, лингвистикалық-педагогикалық талаптарға сәйкестігін талдап, бірізді қолданылмағандарын айқындау, оның себептерін анықтау оқулықтардың сапасын терминдік қолданыстар тұрғысынан сапасын арттыруға мүмкіндік беруі ықтимал. Бұқаралық пікірлердің үдерісімен оқулық терминологиясын жалпы сынамай, нақты көз жеткізу – практика үшін, оқулық жазу практикасы үшін қажетті зерттеу, талдау жұмысы. Талдау жұмыстарының негізінде терминдердің қолданысына, оларды жүйеге келтіруге қатысты тиісті ұсыныстар жасалады. Кілтті сөздер: терминология, мектеп оқулықтарының терминологиясы, терминдер мен сөздердің түсініктілігі, терминжасам тәсілдері, терминжасам үдерістері, тілдік мүмкіндік, оқулықтағы қолданыстар, бірізділік.