Аңдатпа
Ұсынылып отырған мақалада Көкентау археологиялық ықшамауданында ежелі және ортағасырлық көшпелілердің аза тұту кешендерінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының және алынған материалдарды талқылауға бағытталған алғашқы нәтижелері ұсынылады. Ескерткіш Абай облысы Жаңасемей ауданы Көкентау ауылдық округіне қарасты Көкен тауының бөктерінде орналасқан. Авторлар бұл өңірде аза тұту ескерткіштерін анықтау, тізімдеу, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда. Мақала осы бағытта жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Көкентауда алғаш рет адамдардың сакральды кеңістікті игеру тәжірибесі неолит дәуірінде қалыптаса бастаған. Ежелгі адамдар марқұмдарының есімдерін сақтау үшін жерлеу аза-тұту ескерткіштерін тұрғыза бастаған болатын. Аза тұту дәстүрінің басты элементі оба болғанымен, осы категорияға біз тас қоршауларды, меңгірлерді және тас мүсіндерді жатқызамыз. Мақала авторлары Көкентау материалдары негізінде қоғамдағы дүниетанымдық құндылықтардың өзгеруіне байланысты аза тұту ескерткіштерінің архитектуралық планиграфиясы мен ритулдарының өзгеріп отырғандығын көрсетеді. Сегіз тастардың хронологиялық шеңбері археология ғылымында кең қолданылатын дәстүрлі салыстырмалы және радиокөміртекті анализ арқылы анықталды. Көне түркі дәуірінің қоршауларының тұрғызылу уақыты Жетісу және Саян-Алтай аумағында таралған осыған ұқсас кешендермен салыстыру арқылы анықталды.