Аңдатпа
Мақалада Сыр өңірінің басты ауылшаруашылық дақылы – күріш өсімдігінің суармалы жүйелерін сумен қамтамасыз етудің зерттелу тарихына ретроспективалық талдау жасалған. Күріш дақылының түп-тамыры Азия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан Гималай тау сілемдерінің оңтүстік-шығыс баурайындағы Үнді мұхитынан соққан ылғалды ауа массаларының жолында орналақан жауын-шашыны мол жерлерден шыққан, яғни муссонды климаттың өсімдігі. Аридті климат жағдайында күрішті өсіру барысында ұдайы су қабатында ұстап отырып суару технологиясы пайдаланылады. Елімізде күріш шаруашылығы республиканың оңтүстік бөлігіндегі шөл-шөлейт зонасының оазистерінде, яғни шөбі шүйгін өзендердің аңғарында, нақты кезеңде Іле-Қаратал, Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында таралған. Қызылорда облысының аумағында күріш дақылы егістіктерінің алғашқы пайда болуынан қазіргі кезеңге дейін ғылыми әдебиетте нақтыланған бес кезеңіне сипаттама беріледі. Күрішті өсіру барысында суға бастырудың типтері жіктелген. Қызылорда облысының күріш инженерлік суару жүйелерінің деңгейін сараптау барысында суару массивтеріндегі экологиялық-мелиоративтік жағдайдың нашарлауының негізгі келесі себептері анықталған: мелиорация жүйелерінің техникалық деңгейінің жеткіліксіздігі; суармалы жерлердегі ауылшаруашылық дақылдарының нақты және жобалық құрылымдарының сәйкессіздігі; ауылшаруашылығы өндірісіндегі және жүйелерді пайдаланудағы еңбек мәдениетінің төмендігі; мелиорация жүйелерінің және оның объектілерінің моральды және физикалық тұрғыдан ескіруі