Аңдатпа
Мақалада Талас өзенінің сол жағалауында орналасқан, үш төрткүлден тұратын Жаргүл ескерткіштер кешенінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алынған материалдар ғылыми айналымға енгізіледі. Далалық зерттеулердің мақсаты – аталған ескерткіштердің хронологиясын, топографиясын және атқарған қызметін анықтау. Жаргүл-1 төрткүліне салынған кесік мәдени қабаттың қалыңдығын (2.3 м) анықтауға мүмкіндік берді. Жаргүл-2 және 3 төрткүлдерінен қалыңдығы 1.0–1.1 м болатын екі құрылыс горизонттары анықталды. Қазба жұмыстары барысында керамикалық және остеологиялық материалдар коллекциясы алынды. Соңғысы 946 жануар сүйегінен тұрса, оның ішінде 667 (70.5%) сүйек нақты түрге дейін анықталды. Остеологиялық коллекцияның 98.5% үй жануарлары, 1.5% жабайы жануарлар. Алынған үлгілерге жүргізілген радиокөміртекті талдау нәтижелері Жаргүл-1 төрткүлінің төменгі қабаты ІХ ғ. аяғында пайда болып, дамығандығын, ал Жаргүл-2-3 төрткүлдерінің астыңғы құрылыс горизонты ХІ ғ. аяғы – ХІІ ғ. басымен мерзімделетіндігін көрсетті. Керамикаларға жүргізілген жұмыстар Жаргүл төрткүлдерінің қыш ыдыстары көрші жатқан басқа да Х–ХІІ ғғ. жататын ескерткіштердің материалдарымен тікелей ұқсас екендігін көрсетті, ал сырлы ыдыстардың техникалық-технологиялық тұрғыдан жасалуы өңірдегі экономикалық-әлеуметтік орталық болған Тараз қаласы бұйымдарымен бірдей. Зерттеу нәтижелерінде Жаргүл төрткүлдері қарахандықтар дәуіріндегі керуен жолының бойында орналасқан бекіністі елді мекен екені анықталды. Мұнда мекендеген халық қолөнермен, егіншілікпен айналысқан және Талас алқабының шөлейт аймағының тұрғындарымен тығыз байланыста болды.