Аңдатпа
Аурулардың алдын алу және емдеу мақсатында өсімдік тектес дәрілік заттарды қолдану қазіргі күнге дейін өзекті мәселе. Бұның ерекшелігі созылмалы ауруларды емдеуде дәрілік өсімдіктер мен олардың негізіндегі препараттардың синтетикалық дәрілік препараттарға қарағанда жанама әсерлерінің төмен болуымен және адам ағзасына кешенді әсерінің ерекшелігіне байланысты. Жалпы, әлемдік фармацевтикалық нарық өсімдік тектес дәрілік препараттарды және биологиялық белсенді қоспаларды тұтынудың өсуімен сипатталады. Бұл ретте отандық фармацевтикалық нарықтың жалпы көлеміндегі дәрілік заттардың осы санатының үлесі 7-10%-ын құрайды. Еуропалық Одақ елдерінде ұқсас өнімдер фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемінің 10%-на тең. Жапония мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бұл көрсеткіш 40% — ға жетеді [1]. Сондықтан Қазақстан Республикасында жергілікті өсімдіктерден шикізаттарды және оның негізінде дәрілік препараттарды өндіру осы саланың маңызды мәселелерінің бірі. Мәселе шешу үшін отандық ғалымдардың соңғы кезде назарын аударған өсімдіктің бірі — Орман қайызғақшөбі (Stachys sylvatica L.). Зерттеулер Stachys тұқымдас өсімдіктер биологиялық белсенділіктің кең спектрін көрсететін әртүрлі қосылыстардың бай көзі екенін көрсетті: антиоксидант, ісікке қарсы, микробқа қарсы және қабынуға қарсы әсерге ие. Ертеде Еуропа елдерінде оны «woundwont» деп атаған, ол жара жазатын шөп деген мағынаны білдіреді. Мақалада аталған өсімдік шикізатынан экстрагент — 50% этил спирті қатысында перколяция әдісімен алынған концентрленген сұйық экстракт негізгі белсенді компонент ретінде гель құрамына қосылып, бірнеше модельдер алынғаны және технологиялық параметрлері бойынша гельдің рациональды құрамы мен оңтайлы технологиясы таңдалып, сапа көрсеткіштеріне фармакопеялық әдістермен сынау жүргізіліп, сапа спецификациясы құрастырылғаны баяндалды.