Аңдатпа
Мақалада Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіре кітабы мен шежірелік дастанының текстологиялық мәселелері сөз болады. Атап айтқанда, автордың «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік» деп басталатын шежірелік дастанының әр жылдардағы басылымы сараланып, аталған шығарманың шыңжаңдық және «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханының сирек қорында сақталған қолжазба нұсқалары салыстырыла зерттеледі. Сондай-ақ «Оғыз-нама» дастанының басты кейіпкері әрі түркі халықтарының атасы саналатын Оғыз ханның өмір сүрген уақытына қатысты ақынның келтірген деректеріне ғылыми талдау жасалып, іргелі еңбектер аясында тұжырымдар айтылады. Атап айтқанда, ақынның шежірелік дастанында келген «340 жыл» – ақын шығармаларының қолжазбасы арқылы «3400 жыл» екені анықталып, Оғыз ханның өмір сүрген уақыты нақтыланады. Дегенмен, зерттеу жұмысында орта ғасырлық әйгілі тарихшылардың еңбектері кеңінен қолданылып, Оғыз ханның өмір сүрген уақытына қатысты тосын пікірлерлер айтылады. Шәкәрім шежіресін зерделеуде Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» (Тарихтар жинағы), Мырза Ұлықбектің «Турт улус тарихи» (Төрт ұлыс тарихы), Шараф ад-Дин Әли Йаздидің «Зафар-нама» (Жеңіс кітабы), Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Мунис пен Агахидің «Фирдаусу-л-иқбал» еңбетірінің маңызы өте зор.