Аңдатпа
Қолданыста бар чизелдік қопсытқыш соқалардың энергия сиымдылығы мол, сонымен қатар ылғалдылығы төмен нығыздалған топырақты өңдегенде қажетті өңдеу сапасына қол жете бермейді. Сондықтан жобаланған тиімділігі жоғары қопсытқыш соқамен топырақты аудармай негізгі өңдеудің технологиялық процесін жетілдіру ғылыми тұрғыда актуалды болып саналады. Бұл мақалада өңделетін топырақтың төрт қатарлы чизелдік жұмыс органының қисық сызықты кеуде тұсымен және тура сызықты айналымсыз орап құлататын бағанымен өзара әрекеттесу сұлбалары келтірілген. Технологиялық процестің рационалды тұрғыда орындалу сұлбаларын талдай отырып, келесі қорытындыға келуге болады, егер технологиялық операцияларды сұлбада келтірілген реттілікпен 4 қатарда орындаса, онда бұғатталған және ашық кесу процестерінің ықтималдық жағдайлары жүзеге асады. Чизелдік жұмыс органдары 3 және 4 қатарларда ашық кесу процестерін орындайтын болады. Чизелдік жұмыс органдарының өңделетін топырақпен өзара әрекеттесуі негізінде бұғатталған, еркін, жартылай бұғатталған кесу процестерін орындайтын чизелдік жұмыс органының тарту кедергісін анықтауға арналған түсініктер қалыптасты. Жүргізілген эксперименталдық зерттеулер негізінде чизелдік жұмыс органы тарту кедергісінің өңделетін топырақ қабатын бұғатталған күйде кесуге, жартылай бұғатталған күйде кесуге және еркін кесуге байланысты тәуелділіктері анықталды. Кесуге байланысты тәуелділіктерінің сараптамасы келесі мәліметтерді көрсетеді: жұмыс органының тарту кедергісі топырақтың өңделетін қабатымен өзара әрекеттесуінің қарастырылып отырған сұлбаларында бейсызықты тәуелділікпен өзгеріп отырады. Демек оның тарту кедергісі қозғалыс жылдамдығын арттырған сайын жоғарлай беретін болады. Чизелдік жұмыс органының тарту кедергісі бұғатталған күйдегі кесуге қарағанда жартылай бұғатталған кесуде 24…26 %, еркін кесуде 38…40 % төмен.