Аңдатпа
Мақалада ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдеріндегі мінез концептісі, олардың когнитивті тұрғыдан бейнелену, көріну жолдары сипатталады. Мінез концептісіне байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми пікірлері талданады. Концепті мен ұғым терминдерінің анықтамалары ғылыми түрде дәлелденіп, мағыналары айқындалады. Жалпы әдебиеттегі қолданылатын концептінің түрлері сараланып беріледі. Сонымен қатар автордың идиостилі мен ұлттық таным арасындағы өзара когнитивтік байланысы көрсетіледі. Сол арқылы мінез концептісінің қыр-сыры ашылады. Ақын өлеңдеріндегі мінез концептісінің берілу жолдары нақты мысалдармен талдана отырып, жалпы барлық шығармаларының өзегі мінез екендігі ғылыми дәлелдермен көрсетіледі. Жалпы адамзатқа және ұлттық мінезімізге сай жақсы, жаман қасиеттерді бейнелеуде қолданылған тілдік бірліктер талданады. Сонымен қатар концептосфераны құрайтын элементтер жеке-жеке қарастырылып, ақынның негізгі ұстанымы мен мінез концептісін айқындаудағы қолданылған ұлттық құндылықтары да көрсетіледі. Өлеңдеріндегі мінез концептісін білдіретін элементтердің мән-маңызы мен мағынасы нақты беріледі. Абай өлеңдеріндегі басты құндылық – адам, ақыл, білім, жақсы мінез болса, басты мақсаты – адамды тәрбиелеу. Абай көркемдік сана мен философияны ұштастыра білген ақын. Адам баласының рухани өмірінің мәні, мағынасы оның ішкі жан-дүниесімен қатар, қоғамдық сана қызметіне тәуелді болғандықтан Абай өлеңдеріндегі мінез концептісінде қоғамның болмысы, танымы, мінезі мен психологиясы айқын суреттеледі. Ақынның әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдардың мінезін сипаттаған өлеңдері концепт тұрғысынан кеңінен талданып, ұлттық таным жүйесінен айқындалады. Әрі ақынның жеке шығармашылық стилінің қалыптасуына әсер ететін отан, жер, білім және өзге де объективті, психологиялық құбылыстар жан-жақты сипатталады.