Аңдатпа
Мақалада дәуірлер сабақтастығында орын алған рухани үйлесімдер сипатталады. Қазақ халқының темірқазығындай болған түркі дүниетанымы мен ұстанымдарының халық өміріндегі алар орны мен бағасын анықтау – қазіргі таңның өзекті мәселесі болып отыр. Түркі халықтарының мол байлығының жиынтығы саналатын қисса-дастандар, ғашықтық жырлар, батырлар жыры және т.б. әлемдік өркениетте де ерекше сипатқа ие. Олардың тарихи, құрылымдық сипаттын зерттеу барысында көптеген жаңалықтарға жолыққан бірқатар ғалымдар фольклорлық дәстүрлердің сабақтастығын, типологиялық ұқсастықтарына назар аудара бастады. Уақыт пен кеңістік мәселесінде біз аңғармай кететін сәттер көптеп кездеседі. Мысалы, осы мақалаға арқау болған Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» шығармасындағы бірнеше тарихи оқиғалардың логикалық байланысын орнату барысында, сол кездің халықтарының санасындағы өмір сүру салтын қабылдау керек боламыз. Мақаланың негізгі нәтижесі ретінде Бабыр заманындағы тарихи шындықтың реттілігі ұсынылуы тиіс. Мақалада қарастырылатын Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» шығармасындағы тарихи шындық пен халықтық фольклордың негізгі ұстанымдарының құндылығы – түркі халықтарының рухани қазынасы. Қазақтың сан ғасырлық тарихында орын алған оқиғалар келесі бір тарихқа әсер етпей қоймасы анық. Дастандағы негізгі оқиғалардың басталуы да осымен байланысты. Мақаланың негізгі бөлімінде «Бабырнаманың» зерттелуіне тоқтала отырып, өз пікірімізді ұсынамыз. Шығарманың қазақ даласындағы оқиғаларымен байланысын анықтаймыз. Шығармада жырланатын отырықшы халықтың өмірі мен түркі халықтарының арасындағы типологиялық байланысты сипаттаймыз. «Бабырнама» шығармасындағы кейіпкерлер образына талдау жасаймыз. Заман көрінісіне тоқталамыз. Бабыр шахтың өз заманындағы мәдениет пен әдебиетке жасаған ықпалына, қосқан үлесіне шолу жасаймыз. Сол замандағы ойшылдар мен ақын-жыршылардың Бабыр туралы қалдырған құнды деректерімен таныс боламыз. Қорытынды бөлімде түркі халықтарының фольклорлық дәстүріндегі діңгектің ортақ екендегі анықталады. Автордың көзқарасындағы дін мен мәдениеттің берілу формаларының қаншалық шеберлікке сүйенгендігі көрінеді. Қос өркениетті қоғамның арасындағы «алтын көпір» бола білген шығармалардың адамзат өміріне әкелген жаңалықтары мен пайдасының ұшан-теңіздігі айқын көрініс табады. Бірқатар зерттеушілердің пікірлері жинақталып, оған қосымша түсінік беріледі. Әлемдік ғылымның зерттеу нысанына айналған шынайылық пен көркемдіктің арасындағы байланыстың қаншалық тығыз орналасқанына қорытынды бөлім нақты анықтама береді. Ең бастысы, «Бабырнама» шығармасындағы фольклорлық дәстүрдің өз алдына жеке жанр болып, халықтың рухани байлығының бастауымен біте қайнасқаны көз қуантады. Өйткені, қашан да дастанның негізін қалаушы тарихи оқиғалар халықтық дәстүрмен астасып жатады.