БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ БЕЙНЕСІНІҢ ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ

2023

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.53871/2078-8134.2023.2-23
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қоғамы мәдениеті үшін жылқының орны ерекше екені анық, осы себепті де жылқының қазақ бейнелеу өнерінде өз алдына үлкен нысан болуы табиғи заңдылық. Бұл мақаланың мақсаты – қазақ бейнелеу өнері туындыларындағы жылқы бейнесін интерпретациялау болып табылады. Діттелген мақсатқа жету жолында қазақ кәсіби суретшілері Шоқан Уәлихановтан бастап, Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Қанапия Телжанов, Бексейіт Түлкиевтің таңдаулы суреттеріне жан-жақты талдау жасалады. Халық ықыласына ие болған бұл суреттерде «ер қанаты – ат» делінетін жылқының орны ерекше екені айқындалады. Қазақ пен жылқы – егіз ұғым екендігін дәлелдей алған көрнекті суретшілер туындыларын интерпретациялауда авторлар алдына қойған негізгі міндеттер қатарына жылқы табиғатын, мінезін танытуда қазақ болмысымен сабақтастықта саралау жатады. Дәл осы бейнелеу өнері туындыларында кең байтақ қазақ жерінің табиғаты, салт-дәстүрі, өмір сүру қалпы суреткерлік сұңғылалықпен, шеберлікпен, алуан түрлі бояуларды үйлестіре білуімен көрініс тапқаны және ондағы жылқының рөлі маңызды екені нақты суреттер арқылы зерделенеді. Зерттеуде таңдап алынған суреттерде кескінделген түр мен түстің өзара үйлесімі, ат пен иесінің қарым-қатынасы мен психологиялық сабақтастығы, реалистік сипаты мен символикалық мәні жүйелі, тиянақты түрде салғастыра талданады. Мақалада салыстырмалы, сипаттау тәсілін пайдалана отырып, шығармашылық иелерінің өз туындыларында жылқы мінезін, психологиялық портретін бере білгендігі ашылады. Сонымен бірге әрбір суреттен суретшінің айтпақ болған идеясы жылқы тұрпатын суреттеу арқылы пайымдалады. Суретші картинасының ерекшелігі, композициялық бүтіндігі жылқымен байланыста алынып отырады. Талдау нысанына алынған картиналар арқылы көшпелі халықтың мәдениеті, мінезі, дүниетаным философиясы көрініс табады. Зерттеу нәтижесінде қазақ бейнелеу өнерінде жылқы образының суреттелуі әлемдік тенденциялардан бөлек өзіндік, тәуелсіз даму жолы болғанын көре аламыз. Зерттеудің құндылығы, жаңалығы ретінде салыстырмалы түрде аристократиялық болмысты көрсету бағытында суреттелетін батыстық бейнелеу өнеріндегі жылқының, қазақ мәдениетінде көбіне батырлық пен ер жігіттің жолдасы, оның еркіндігінің символы ретінде көрініс тапқанын атай аламыз. Жұмыстың практикалық маңызы ретінде оның мәдениеттану мен бейнелеу өнерінің тарихы мен сынында әлемдік мәдени тенденцияларды салыстармалы түсіндіруде қолдануға болады.