Аңдатпа
Бұл мақалада дәрілік өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді заттарды толыққанды, табиғи құрамға неғұрлым жақын компоненттерді жоғары дәлдікпен алуға мүмкіндік беретін заманауи экстракциялау әдістерінің бірі – критикаға дейін көмірқышқылды әдісін қолдана отырып сығынды алу, алынған сығындының компоненттік және элементтік құрамын талдау келтірілген. Өзектілігі. Дәрілік өсімдік шикізаттары және олардың негізінде жасалған фитопрепараттар көптеген аурулардың фармакотерапиясында маңызды орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жалпы тіркелген дәрілік заттар нарығының 25%-ын өсімдік текті препараттар құрайды. Зерттеу материалы. Ақ тұт (Morus Alba L..) өсімдігін жинау орны Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай орман қорығы. Сығындыланатын дәрілік өсімдік шикізатын экстрагентпен байланыстыру алаңын үлкейту үшін алдын-ала кептірілген шикізатты ұсақталу дәрежесі 0,2-0,3 мм болатындай ұсақталды. Нәтижелер және талқылау. Ақ тұт шикізатынан (Morus Alba L.) көмірқышқылды сығындысы ««ЖАНАФАРМ» дәрі-дәрмек препараттарын өндіруші» ЖШС базасында алынды. Сығынды алу критикалық нүктеге дейінгі жағдайда шикізатты зертханалық АКЭҚ-5л (ағымды көмірқышқылды экстракциялау қондырғысында-5л) жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша жалпы 82 қосылыс анықталған. Оның ішінде жоғары үлесті келесідей заттар анықталған: ethyl oleate -11,79%, 9,12-octadecadienoic acid, ethyl ester-6,96%, 9,12,15-octadecatrienoic acid, ethyl ester, (z,z,z)-3,34%, 9,12-octadecadienoic acid (z,z)-16,68%, lumisantonin -1,55%, α-santonin-6,82%. Зерттеу нәтижелері бойынша ақ тұт шикізатының көмірқышқылды сығындысында макроэлементтер, нақты айтқанда магний (1,8163 мкг/мл), калий (1,9760мкг/мл), натрий (12,7 мкг/мл) басым екені анықталды. Қорытынды. Көмірқышқылды сығындыға негізінен дәрілік өсімдік шикізаты құрамындағы липофильді фракция, яғни эфир майлары, жүрек гликозидтері сияқты ұшатын, тұрақсыз заттар бөлініп шықты.