Аңдатпа
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі халықтың тиімділігі жоғары емдік және емдік-профилактикалық препараттарға қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда дәрілік өсімдіктердің түрлерін толықтырып отыру фармацевтика саласында маңызды мәселелердің бірі. Өндірістік фармацевтикалық өндірісте және жалпы ғылым саласына қатысты дәрілік өсімдіктерге сұраныс күн сайын артып келеді. Бірқатар жоғары сатыдағы өсімдіктердің құрамы дәрілік қасиеттерге ие. Сондай өсімдіктердің бірі ретінде кәдімгі сиякөк (Linaria vulgaris Mill) өсімдігін атауға болады. Біз зерттеп отырған өсімдік, шетелдік мәліметтерге сүйенетін болсақ, ерекше фармакологиялық қасиеттерге ие. Бұл өсімдік түрі Қазақстанда кең таралған болса да, бірақ жүйелі түрде зерттелмеген. Осыған байланысты бұл өсімдік практикада қолдану үшін биологиялық белсенді заттардың көзі ретінде ғылыми зерттеулерге қызығушылық тудырады. Зерттеу жұмысының ерекшеліктеріне қарай, алға қойылған мақсат - Linaria vulgaris Mill. перспективті дәрілік түрінің ботаникалық, фитоценотикалық ерекшеліктерін және таралу ареалын жүйелі зерттеу, биологиялық белсенді заттарын анықтау болып табылады. Бұл мақалада Linaria vulgaris Mill. перспективті дәрілік түрінің биологиялық және морфологиялық ерекшеліктерін сипатталып, Linaria vulgaris Mill өсімдігіне таксономиясына, таралу аймағына, құрылымдық ерекшеліктеріне, ботаникалық белгілеріне сипаттама берілді, Зерттеу жұмысы әл-Фраби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті биология және биотехнология факультетінің «Биоалуантүрлілік және биоресурстар» кафедрасы, Химия факультетінің «Органикалық химия және табиғи қосылыстар химиясы» кафедрасында жасалынды. Зерттеу процесінде классикалық ботаникалық әдістер, қағазды хроматография әдісі және шикізаттағы биологиялық белсенді заттарды сандық анықтау әдісі, ҚРМФ жалпы қабылданған әдістер қолданылды. Өткiзiлген жұмыстың нәтижеде кәдiмгi сиякөктi өсiрудегі мәліметтері бойынша барлық тіршілік күйлері бiр вегетациялық периодта өтетіні анықталды. Алайда көпжылдық өсімдік болса да келесі жылында ол толық осы вегетациялық фазаны қайталап қалыптасады (бүрлеу, гүлдеу, жемiс беру). Кәдімгі сиякөк (Linaria Vulgaris Mill) дәрілік өсімдігінің жалпы онтогенезі 120-146 күнге созылды. Құрамындағы биологиялық белсенді заттар экстрактивті заттар-15,3%, амин қышқылдар-1,37%, флавоноидтар -1,06%, тері илегіш заттар-0,5%, көмірсулар -1,14%, органикалық қышқылдар- 2,05% анықталды.