Аңдатпа
Бұл мақалада діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық заңнаманы кейбір шет елдердің ұлттық заңнамасымен өзара салыстырмалы-құқықтық талдау жүргіземіз. Осы орайда қазіргі кездегі салыстырмалы құқықтану ғылымының теориялық негіздерін, сондай-ақ аталған ғылымның әрі құқық саласының зерттеу әдістері мен тәсілдерін нақты анықтап алайық. Әуелі отандық заңгер-ғалым, профессор М. Т. Баймахановтың жазған кітап мазмұнына жүгінейік. Онда «салыстырмалы құқықтану мен мемлекеттану тек жеке ғылыми ғана емес, жалпы ғылыми әдістермен және көптеген зерттеу құралдары жиынтығымен толықтырылып жеке (салыстырмалы) әдіс шеңберінен асып, заң ғылымына бағытталған кең бөлімдердің біріне айналып отыр» [1, б. 6] деп жазылған. Автор аталған пікірімен жалпы негізде келісуге болады. Негізі салыстырмалы құқықтану құқық саласы ретінде арнайы құқық саласына жатады деп санаймыз. Себебі: біріншіден, аталған арнайы құқық саласының жеке зерттеу әдістері мен тәсілдері қазіргі құқық салаларын өзара салыстырып зерделеуде қолданылып келеді; ал енді екіншіден, бұл ретте салыстырмалы-құқықтық талдау тәсілі барлық құқық салаларының құқықтық институттары мен нормаларына жалпы жүйелі, жеке және өзара салыстыру іс-әрекеттері жасалады; үшіншіден, бұл арнайы құқық саласы сонымен қатар шет елдердің ұлттық заңнамаларын, сондай-ақ халықаралық құқықтың тиісті салаларымен салыстырылып зерттеледі. Сонымен қатар ерекше айта кетер жайт, мемлекеттануды зерделеу барысында салыстырмалы-құқықтық талдау тәсілі міндетті түрде қолданылады.