Аңдатпа
Әлемнің барлық елінде жыл санап мүмкіндігі шектеулі балалардың саны көбейіп жатқандығы мәлім. Мүгедек балалар қоғам тарапынан түрлі шеттетулерге, кемсітулерге, құқықтарының бұзылуы мен сақталмауы сияқты жағдайларға ұшырап қана қоймай, зорлық-зомбылық, қатыгездікпен қарау, қажетті күтімсіз қалу және қанау секілді әрекеттердің құрбандарына айналуда. Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау механизмі халықаралық құқықпен қамтамасыз етілген. Алайда, құқықтарды заңи түрде белгілеу – олардың автоматты түрде, еш кедергісіз жүзеге асырылуын білдірмейді. Мақалада еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың халықаралық құқық нормаларына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын жүзеге асыру барысында кездесетін бірқатар мәселелері туралы сөз қозғалған. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттен қажетті әрі пәрменді көмек алу, сол арқылы денсаулық жағдайын жақсарту – мүмкіндігі шектеулі балалардың халықаралық және ұлттық заңнамалық құжаттармен кепілдік берілген құқықтары болып табылады. Аталған саладағы құқықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттің тиімді механизмінің болуы өте маңызды. Себебі, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін әлеуметтік, саяси, экономикалық және өзге де құқықтарын жүзеге асыра алуы олардың денсаулық жағдайларының жақсаруы не бірқалыпты болуымен тығыз байланысты.