Аңдатпа
Мақалада авторлар орман өрті болған аумақтағы өзгерістерді анықтауда, географиялық ақпараттық жүйелерді және қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану қажеттілігін қарастырды. Өрт аймағындағы өзгерістерді анықтау үшін ENVI 5.2 және ArcGIS 10.8.1 бағдарламалары және Landsat 5, Landsat 7 Enhanced Thematic Mapper (ETM+), Landsat 8 OLI оптикалық спутниктерінің деректері қолданылған. Сонымен қатар, Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) әдістерінің көмегімен орман алқаптарының өрттен кейінгі өзгерістері сипатталған. Зерттеу аумағы Қазақстанның Абай облысы аумағында орналасқан «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Жаңасемей филиалы болып табылады. 15 жыл уақыт ішіндегі, яғни 2007-2022 жылдар аралығында өрт болған аумақтардың өсімдік жамылғысының өзгерістері қарастырылды. Зерттеу аймағы жоғары ажыратылымдықтағы Google Earth кескіндерінің негізінде цифрландырылды, содан кейін цифрланған карталар ArcGIS бағдарламалық құралының көмегімен пішін файлына түрлендірілді. Негізгі өңдеуден бұрын алынған кескін радиометриялық және атмосфералық түзетулерден тұратын алдын ала өңдеу сатысынан өтті. Алынған кескіннен өртті анықтау үшін dNBR = (NBRprefire – NBRpostfire) индексі қолданылды. Сондықтан, алдымен біз PreNBR индексін анықтаймыз, ол өрт шыққанға дейін түсірілген суреттерден есептелінеді. Зерттеу жағдайында бұл суреттер 25.03.2008 жылғы болып табылады. Суреттер бойынша барлық түзетулерді орындағаннан кейін PreNBR=(b4-b7)/(b4+b7), PostNbr=(b4-b7)/(b4+b7) есептелінді. Ол өрттен кейін түсірілген кескіндерге арналған. Зерттеу жағдайында бұл суреттер 20.05.2008 жылғы, соңында dNBR есептейміз. Алынған мәндер бойынша суреттерді жіктейміз. Осылайша, біз өрттің қай жерде пайда болғанын анықтаймыз. Сонымен қатар, мақалада авторлар орман мониторингін нақтырақ және тиімдірек жүргізу үшін географиялық ақпараттық жүйелерді және қашықтан аудандастыру деректерін пайдалану қажеттілігін қарастырған.