Аңдатпа
Бұл мақалада, еліміздің оңтүстік-шығыс аймағы жағдайында әр түрлі суғару технологиясымен өсірілген жүгері буданының өсіп-даму ерекшеліктері қарастырылған. Вегетациялық кезеңінде тәжірибе нұсқалары бойынша топырақтағы қоректену элементтерінің құрамының өзгеруі, жүгері будандарының биомассалық салмақтары, будандардың құрылымдық талдауы, фотосинтетикалық қасиеттері және өнімділігі зерттелген. Жүгерінің вегетациялық кезеңі бойынша орташа тәуліктік температура 3160,7°С құрады. Жүгерінің Порумбень 458 буданының вегетациялық кезеңде күннің энергиясы 1610 МДж/м2 болды. Нәтижесінде, 220,92 ц/га құрғақ биомассаның жинақталуын қамтамассыз етті. Суару әдістері ашық-каштанды топырақтардың агрохимиялық қасиеттеріне елеулі әсерін тигізді. Топырақтың егістік қабатындағы гумустың мөлшері 1,77-2,10 %, тұрақсыз қарашіріктің мөлшері – 0,095-0,251%, жеңіл гидролизденетін азоттың мөлшері – 102-135 мг/кг, нитраттардың мөлшері –15,2-31,5 мг/кг, жылжымалы фосфор мөлшері – 14,8-24,7 мг/кг, ал алмасатын калий мөлшері – 295-385 мг/кг шамасында ауытқыды. Қоректендіру элементтерінің осындай көрсеткіштері кезінде көрсетілген өнімділік – 12,0-14,6 т/га құрады. Су үнемдеудің бірден-бір жолы тамшылатып суару технологиясын жаппай енгізу және осы жаңа технологияны пайдалануда диқандарға қолдау көрсету. Бұл технология ағын су тапшылығын сездірмейді, суды 3-4 есе үнемдеумен қатар, ылғал мен қоректік заттарды өсімдіктің тамырына дәл жеткізіледі.