Қазақстанның оңтүстігіндегі ортағасырлық қыш қазан тұтқалары: морфологиялық ерекшеліктері мен хронологиясы

2025

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.32523/2664-5157-2025-4-17-39
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Аталған мақала Қазақстанның ортағасырлық қалалық және қоныстық ескерткіштерінен табылған асүйлік керамиканың, атап айтқанда, қыш қазан тұтқаларының морфологиялық ерекшеліктерін, типологиясын және хронологиясын зерттеуге арналған. Зерттеудің өзектілігі – ортағасырлық қыш ыдыстардың жекелеген бөлшектері (ернеуі, тұтқасы) бойынша арнайы талдаулардың жеткіліксіздігімен байланысты. Қазақстан аумағындағы ортағасырлық қыш бұйымдарды зерттеу ХХ ғ. ортасынан бастап жүйелі түрде жүргізілді. Алғашқы кезеңдерде зерттеулердің басым бөлігі қоныстар мен қалалардың стратиграфиясын және керамика кешендерін сипаттауға бағытталды. Алайда қазан түрлерінің аймақтық ерекшеліктері арнайы талдау нысанына айналмады. Жұмыстың мақсаты – Қазақстанның оңтүстік аймақтарының (Сырдария-Қаратау, Шу-Талас, Жетісу) қалаларындағы қазан тұтқаларының түрлерін жіктеп, олардың Орталық Азия (Соғды, Ферғана) және Батыс Қазақстан аймақтарымен ұқсастықтары мен айырмашылықтарын хронологиялық тұрғыдан анықтау. Зерттеу барысында морфологиялық талдау, топтау-жіктеу әдістері, стратиграфиялық және тарихи салыстырмалы талдаулар қолданылды. Негізгі материал ретінде аталған өңірлерлерден табылған археологиялық деректер пайдаланылды. Қыш қазандардың жасалу технологиясы (қолмен жапсыру, көзеші шарығы) мен саз құрамы (құм, майда тас) сипатталды. Нәтижесінде, қазан тұтқаларының негізгі екі морфологиялық типі айқындалды: доға және жарты ай тәрізді. Бұл түрлердің алғашқы үлгілері VI–VII ғғ. («кеңгір» кезеңі, Құлан қаласының соғды жазулы тұтқасы) қалыптасып, кеңінен тараған. Доға тәрізді және оның модификациялары (шиыршықталған, үшбұрыш тәрізді) Шу Талас өңірінде (Тараз, Төменгі Барысхан) VIII-XII ғғ. аралығында кең таралған. Сонымен қатар тұтқалардың формасы мен тұтқаларының жапсырылу тәсілдері жетілдіріліп, аймақтық нұсқалар пайда болған. Талас өңіріндегі үшбұрыш тұтқалы қазандар табылған ескерткіштердің радиокөміртектік мерзімі IX ғ. басы мен XII ғ. басын көрсетті. Көп үлгілері (Тараз, Ақтөбе-1) кездеседі. Кейбір орталықтарда көп тұтқалы қазандардың болуы олардың тек утилитарлық емес, сонымен қатар сәндік қызмет атқарғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазан тұтқаларының пішіндік ерекшеліктерін сипаттауда қолданылатын теңеулер мен атаулардың әркелкілігіне байланысты терминологиялық мәселелер ұсынылды. Жүргізілген салыстырулар IX ғ. Сырдария өңірінен Еділ бойына (Самосделка) оғыз тайпаларының қоныс аударуымен байланысты ортақ мәдени элементтердің болғанын дәлелдейді. Қазан тұтқаларының негізгі типтері Оңтүстік Қазақстан қалаларында XV ғасырға дейін асүйлік мақсатта жиі қолданыста болғандығы анықталды. Зерттеу нәтижелері Қазақстанның аймақтық қыш жасау дәстүрлерінің даму динамикасын анықтауға мүмкіндік береді.