Аңдатпа
Оқытудың икемді жүйелерін құруға бағытталған білім беру үдерісінде кері байланыстың рөліне аса маңызды көңіл бөлінеді. Кең мағынада кері байланыс оқытушы мен студенттер арасындағы білім беруде туындаған мәселелер, әрекеттер немесе оқиғаларға жауап беруді білдіреді. Зерттеу барысында кері байланысты ұйымдастыру формалары мен түрлері талданып, олардың білім сапасын арттыру, оқытудың жаңа әдістерін дамыту, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастырудағы әсерлері анықталды. Сонымен қатар, білім беру телематикасы контекстінде құрылғанvirtualedu платформасының мүмкіндіктері ұсынылды. Ол мүмкіндіктерге білім беру телематикасында дәріс, практикалық сабақ, топтық, жұптық жұмыс, семинарлар өтуге, кері байланыс ұйымдастыруға болады. Мұнда чаттар мен бейне қоңыраулар функциялары платформаның өзіне біріктірілген. Бұл пайдаланушыларға нақты уақыт режимінде пікірлерімен бөлісуге, сұрақтар қоюға және қолдау алуға мүмкіндік береді.