Аңдатпа
Бұл мақалада жасанды интеллектінің тілдік мүмкіндіктері мен табиғи тілдің мәдени және когнитивтік ерекшеліктері арасындағы айырмашылықтар жан-жақты талқыланып, қазіргі заманғы ЖИ жүйелерінің адам тілін имитациялаудағы жетістіктері мен шектеулері зерттелді. Мақаланың өзектілігі қазіргі ақпараттық дәуірде ЖИ технологияларының кеңінен қолданылуы, аударма мен мәтін генерациясы саласындағы алға жылжуымен тығыз байланысты, өйткені бұл жүйелердің өнімдері тілдің сыртқы формасын дәйекті түрде жеткізсе де, ұлттық мәдениет пен эмоционалдық мазмұнды жеткізуде әлсіздік танытады. Зерттеу мақсаты – жасанды интеллект генерациялаған мәтіндер мен адам тіліне тән табиғи шығармаларды салыстыра отырып, лексикалық, семантикалық, синтаксистік және стилистикалық деңгейдегі ерекшеліктерді айқындау және ЖИ жүйелерінің нақты тілдік тәжірибеге қаншалықты жақын келетінін бағалау. Зерттеу әдістері ретінде корпустық лингвистика, лексикалық және синтаксистік талдау, сондай-ақ стилистикалық талдау қолданылды; GPT және басқа үлгілерден генерацияланған мәтіндер мен ғылыми мақалалар, әдеби шығармалардан құралған корпус арқылы AntConc, Sketch Engine секілді құралдар пайдаланылды. Алынған нәтижелер көрсеткендей, ЖИ мәтіндері нақты, логикалық және формальды құрылымға ие болғанымен, оларда көркемдік, идиомалық және ұлттық дәстүрлерге тән экспрессивті элементтер жеткіліксіз екені байқалды, ал табиғи тілде жазылған мәтіндер бай лексикалық әртүрлілік, күрделі синтаксистік құрылым және эмоционалдық-идеологиялық контекстке ие. Осы тұрғыдан, мақала ЖИ жүйелерінің тілдік құбылыстарды тек формальды деңгейде ғана емес, терең мағыналық және мәдени контексті ескере отырып дамыту қажеттігін, сондай-ақ философиялық және когнитивтік аспектілерді интеграциялаудың маңыздылығын айқындап, болашақта ЖИ тіл модельдерін жетілдіруде көпсалалы тәсілдерді қолданудың тиімділігін дәлелдейді.