Аңдатпа
Мақалада көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Е.Раушановтың өлеңдері зерттеу объектісі ретінде қарастырылды. Ақынның бұрын әдебиеттануда жиі айтылмаған шығармаларын талдау арқылы көркемдік деңгейін жаңа қырынан ашу зерттеудің негізгі мақсаты болды. Бүгінгі таңда әдебиетке иек артқан әр жас буын Есенғали шығармасын жата-жастана оқитыны белгілі. Бұның сыры неде деген сұрақтың жауабына үңіліп, ақынның пәлсапалық ойлары мен өлең иірімдеріне кеңінен тоқталдық. Өлеңнің көркемдік қуатын ашуда тарихи-салыстырмалы, функционалды әдістер қолданылды. Ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен өмірінің соңғы жылдары жазылған өлеңдері зерттеудің негізгі объектісі болды. Ел ішіндегі саяси оқиғалар ақын қабылдауындағы әсер мен шынайы өмір бейнесі параллель сипатталып, өзге де авторлардың шығармаларымен салыстырмалы талдаулар жүргізілді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі әр қилы оқиғалар мен бірқатар танымал саясаткерлерді шығармасына арқау еткен Е.Раушановтың поэзиясындағы замана бейнесі мен Алтынбек, Заманбек образдарын ашудағы көркемдік тәсілдеріне саралау жүргізілді. ХІХ ғасырда қазақ тарихында елеулі тұлғалардың бірі болған Мұхамед-Салық Бабажановтың бейнесі сомдалған «Сарыөзен» поэмасындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім жіті талданды.