Аңдатпа
Қазіргі қазақ прозасында Желтоқсан оқиғасының көркемдік тұрғыдан игерілуі тарихи шындықты жаңаша пайымдау, оның жеке адам мен ұлттық санаға әсерін бейнелеумен сабақтасып жатыр. Алайда Желтоқсан тақырыбындағы прозалық шығармалардың идеялық-көркемдік ізденістері мен тарихи оқиғаны адам тағдыры арқылы беру ерекшеліктері әдебиеттануда толық әрі жүйелі зерттелген жоқ. Осы тұрғыдан Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романының көркемдік әлемін Желтоқсан тақырыбының қазақ прозасындағы даму арнасымен сабақтастықта қарастыру зерттеудің өзектілігін айқындайды. Зерттеудің мақсаты – «Ұяластар» романындағы Желтоқсан оқиғасының көркем интерпретациясын талдау арқылы шығарманың қазіргі қазақ прозасындағы идеялық-көркемдік ерекшелігін айқындау. Осы мақсатқа сәйкес тарихи шындық пен көркемдік шешім арақатынасы, Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлер тағдыры мен психологиясы арқылы бейнеленуі және романның әлеуметтік-психологиялық сипаты сараланады. Сонымен қатар шығарманың Желтоқсан тақырыбындағы қазақ прозасымен көркемдік сабақтастығы анықталады. Зерттеуде әлеуметтік-тарихи, мәдени-генетикалық, психоаналитикалық, құрылымдық-семантикалық әдістер қолданылды. Бұл әдістер романды Желтоқсан тақырыбындағы шығармалармен сабақтастықта қарастыруға, оның идеялық-көркемдік құрылымын және тарихи-әлеуметтік өзгерістердің кейіпкерлердің ішкі әлеміне ықпалын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижесінде «Ұяластар» романында Желтоқсан оқиғасы дербес тарихи эпизод ретінде ғана емес, кейіпкерлердің кейінгі өміріне ықпал еткен әлеуметтік-психологиялық фактор ретінде көрініс табатыны анықталды. Жазушы тарихи кезең шындығын адам тағдырымен сабақтастырып, тұрмыс тауқыметі, әлеуметтік тұрақсыздық, бюрократия мен жауапсыздық тәрізді қоғамдық құбылыстардың жеке тұлға психологиясына әсерін көркем бейнелейді. Желтоқсан оқиғасы мен өтпелі кезең шындығының кейіпкерлердің ішкі әлемі арқылы тұтастырылуы романның әлеуметтік-психологиялық сипатын тереңдетеді. Жұмыстың ғылыми маңызы «Ұяластар» романының Желтоқсан тақырыбындағы қазақ прозасының даму арнасындағы орнын айқындап, тарихи оқиғаның жеке адам тағдыры және ұлттық сана мәселесімен сабақтастырыла бейнелену ерекшелігін көрсетуімен сипатталады. Зерттеу нәтижелерін қазіргі қазақ прозасын оқытуда, жоғары оқу орындарындағы әдебиет курстары мен арнаулы сабақтарда пайдалануға болады.