Аңдатпа
Мақалада өнеркәсіптік ғимараттардың көтергіш конструкцияларын зерттеу кезінде цифрлық модельдеу және автоматтандырылған есептік талдау әдістерін қолдану мәселесі қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде Астана қаласының жағдайларына арналған бір қабатты металл өңдеу цехының болат қаңқасы алынған. Негізгі назар конструкцияның цифрлық есептік моделін қалыптастыруға және оның кернеулі-деформациялық күйін ЛИРА-САПР бағдарламалық кешені арқылы автоматтандырылған түрде бағалауға бағытталған. Зерттеу барысында ғимараттың геометриялық параметрлері, конструкциялық элементтердің сипаттамалары, тұрақты және климаттық жүктемелер, сондай-ақ көпірлі кранның әсері ескерілді. Қарастырылып отырған ғимараттың өлшемдері ені бойынша 30 м, ұзындығы бойынша 66 м, биіктігі 10,3 м және бағандар қадамы 6 м болып қабылданған. Есептік модель соңғы элементтер әдісіне негізделіп құрылды. Конструкция элементтерінің қималары бірінші және екінші шекті күйлер бойынша тексерілді. Цифрлық модельдеу нәтижелері болат қаңқаның кеңістіктік қаттылығын, жалпы орнықтылығын және жекелеген элементтердің жұмыс қабілеттілігін бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері инженерлік жобалауда арнайы бағдарламалық құралдарды қолдану есептік процестерді автоматтандыруға, нәтижелердің көрнекілігін арттыруға және конструкциялық шешімдердің негізділігін жоғарылатуға мүмкіндік беретінін көрсетіліп, ҚР стандарттарына сай еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі шаралары негізделді.