Қазақ тіліндегі шырай категориясының когнитивтік-дискурсивтік ерекшеліктері (көркем мәтін негізінде)

2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Hybrid Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.47526/3107-3085.425
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Бұл мақала қазақ көркем прозасындағы сын есімнің шырай категориясының когнитивтік-дискурсивтік және прагматикалық ерекшеліктерін талдауға арналған. Зерттеудің негізгі мақсаты – сын есім шырай формаларының көркем мәтіндегі мағыналық, экспрессивтік және бағалауыштық қызметін айқындау. Осы мақсатқа сәйкес келесі міндеттер қойылды: көркем мәтіндерден сын есімдердің қолданысын жүйелеу; сапалық, күшейтпелі және салыстырмалы шырай формаларының жиілігі мен қызметін анықтау; шырай категориясының кейіпкер бейнесін жасау, эмоциялық ахуалды жеткізу және авторлық бағалауды қалыптастырудағы рөлін сипаттау. Зерттеу нысаны ретінде О. Бөкейдің «Қамшыгер», Д. Әшімханұлының «Құдайсыздар» және Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімелері алынды. Зерттеу барысында сипаттамалы, мәтіндік талдау, когнитивтік-дискурсивтік және функционалды-прагматикалық әдістер қолданылды. Талдау нәтижесінде сын есімнің шырай категориясы көркем дискурста грамматикалық салыстырудан гөрі сапаның шектік, абсолюттік күйін білдіру, психологиялық және философиялық мазмұнды тереңдету қызметін атқаратыны анықталды. Зерттеу нәтижелері сапалық сын есімдердің бұл әңгімелерде басымдыққа ие екенін, ал салыстырмалы шырай формаларының көркем мәтінде сирек қолданылатынын көрсетті. Күшейтпелі мағына көбіне морфологиялық шырай көрсеткіштері арқылы емес, күшейткіш элементтер, лексикалық қайталау арқылы жүзеге асатыны дәлелденді. Сонымен қатар сын есімдердің шырай формалары кейіпкердің ішкі психологиялық күйін, әлеуметтік қысымды, авторлық бағалауды білдірудің негізгі тілдік құралы ретінде қызмет атқаратыны айқындалды. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – сын есімнің шырай категориясын функционалды грамматика мен дискурс теориясы тұрғысынан кешенді сипаттауында. Алынған тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі көркем мәтін лингвистикасы мен когнитивтік бағыттағы зерттеулерді толықтырады. Зерттеудің практикалық құндылығы – көркем мәтінді талдау тәжірибесінде қолдану мүмкіндігінде.