Аңдатпа
Мақалада әлеуетті өнім беруші анық емес ақпарат ұсынған жағдайларда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасаудың негіздері мен тәртібі зерттеледі. «Анық емес ақпарат» санатының мазмұны, оның техникалық қателерден және мәліметтердің толық болмауынан айырмашылығы, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, уәкілетті органның және соттың құзыреті, сондай-ақ қорытындылар туралы хаттаманы қайта қарау кезінде туындайтын дәлелдеу мәселелері қарастырылады. Бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік сатып алу нәтижелерінің тұрақтылығы және құқықтық салдардың мөлшерлестік қағидатының арақатынасына ерекше назар аударылады. Анық емес мәліметтердің елеулілігін бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын белгілеу, оларды тексеру нәтижелерін тіркеу және құқық бұзушылықтың әлеуетті өнім берушіні конкурсқа жіберуге және жеңімпазды айқындауға тигізген әсеріне қарай құқықтық салдарды саралау қажеттілігі негізделеді. Заңнама мен әкімшілік практиканы жетілдірудің негізгі бағыттары ұсынылады: елеулілік тестін, дәлелдеу стандартын, ведомствоаралық тексеру тәртібін және шағымдар бойынша қабылданатын шешімдерді негіздеуге қойылатын талаптарды нормативтік тұрғыдан бекіту. Сонымен қатар, зерттеуде мемлекеттік сатып алу процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғаудың әкімшілік және сот тәртібінің ерекшеліктері, шағым беру мерзімдері және конкурс нәтижелерінің күшін жоюдың құқықтық салдары талданады. Мемлекеттік тапсырыс берушінің жария мүдделері, әлеуетті өнім берушілердің теңдігі, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және мемлекеттік сатып алу саласында жасалатын шарттардың тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажеттілігі туралы қорытынды жасалады.