Аңдатпа
Мақалада белгілі журналист, жазушы Гүлзейнеп Сәдірқызының «Әйел жаны» жинағына енген прозалық шығармаларындағы әйел болмысы, ана тағдыры және адам психологиясының көркемдік бейнеленуі қарастырылды. Зерттеу нысанына жазушының әдеби байқауларда жүлделі орындарға ие болған шығармалары алынып, олардың тақырыптық-идеялық және көркемдік ерекшеліктері сараланды. Қазақ әдебиетіндегі әйел-ана бейнесін қалыптастыру дәстүрінің сабақтастығы негізінде Гүлзейнеп Сәдірқызының «Айбибі» және «Әйел жаны» жинақтарына енген туындылары қазіргі қазақ прозасындағы әйелдер галереясын толықтыратын көркемдік құбылыс ретінде бағаланды. Зерттеу барысында шығармалардың сюжеттік-композициялық құрылымы, кейіпкерлер жүйесі және психологизм тәсілдері талданып, жазушының кейіпкердің ішкі әлемін, рухани толғанысын, психологиялық күйзелісі мен адамгершілік таңдауларын бейнелеудегі көркемдік ізденістері айқындалды. Өмір шындығының көркем шындыққа айналу үдерісі нақты өмірлік материал мен жекелеген адам тағдырларын көркемдік жинақтау тұрғысынан қарастырылып, олардың әлеуметтік, моральдық-этикалық мәселелермен сабақтастығы анықталды. Жазушының әңгімелері мен «Шерағаның қызыл шапаны» естелік-эссесіндегі кейіпкерлердің өмір жолы, тағдыр тауқыметі және рухани ізденістері әйел болмысының дара қырларын танытумен қатар, белгілі бір әлеуметтік ортаның қоғамдық-адамгершілік шындығын бейнелейтіні тұжырымдалды. Автордың әйел тұлғасын сомдаудағы көркемдік ұстанымы, психологизмді қолдану ерекшелігі және кейіпкер тағдырын әлеуметтік-рухани контексте бейнелеу шеберлігі ғылыми тұрғыдан сараланды.