Аңдатпа
Мақалада 1991-2025-жылдар аралығында ағылшын тілінде жарияланған, көші-қонның гендерлік өлшеміне арналған ғылыми зерттеулердің даму динамикасы мен тұжырымдамалық эволюциясы талданды. Зерттеуге енгізілген ғылыми жарияланымдарды іздеу және іріктеу үшін Google Scholar ғылыми іздеу платформасы пайдаланылды. Зерттеудің өзектілігі гендерлік теңсіздік, көші-қонның феминизациясы, отбасылық рөлдердің трансформациясы және жаһандық еңбек нарығы құрылымының өзгеруі мәселелеріне ғылыми қызығушылықтың артуымен айқындалады. Қазіргі ғылыми дискурста көші-қон процестерін гендерлік айырмашылықтар мен әлеуметтік иерархиялардың өзара байланысы тұрғысынан қарастыру маңызды зерттеу бағытына айналды. Дәстүрлі көші-қон теорияларында көшіп-қонушы гендерлік бейтарап субъект ретінде қарастырылғанымен, іс жүзінде негізгі субъектте ер адам жұмыскер ретінде қабылданды. Мақалада осы дәстүрлі көзқарастан гендер, тап, этностық тиістілік, азаматтық мәртебе және әлеуметтік теңсіздіктің өзге де түрлерінің қиылысуына назар аударатын заманауи интерсекционалдық, трансұлттық және сыни тәсілдерге дейінгі ғылыми көзқарастардың эволюциясы талданды. Көші-қонның гендерлік теориясының дамуына елеулі үлес қосқан шетелдік зерттеушілердің еңбектеріне, гендерлік мейнстриминг тұжырымдамасын талдауға, сондай-ақ оны халықаралық ұйымдар мен ұлттық мемлекеттердің көшіқон саясатында жүзеге асырудың институционалдық шектеулеріне ерекше назар аударылады. Зерттеу нәтижесінде заманауи ғылымда әйелдер көші-қонын жеке қарастырудан гендерлік рөлдердің трансформациясын, еңбектің жаһандық гендерлік бөлінісін, трансұлттық қамқорлық пен кемсітушіліктің өзара қиылысатын түрлерін кешенді талдауға ауысу үрдісі анықталды. Көші-қон теориясында гендерлік өлшемнің ұзақ уақыт ескерілмеуі көші-қон саясатының тұжырымдамалық деңгейдегі гендерлік «соқырлығын» көрсететіні анықталды. Бұл мәселе институционалдық деңгейде де көрініс тауып, гендерлік теңдік саясатын іске асыру тетіктерінің тиімділігіне әсер етеді. Мақаланың практикалық маңызы зерттеу нәтижелерін гендерлік сезімтал көші-қон саясатын әзірлеуде, көшіпқонушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруде, сондай-ақ Қазақстандағы көші-қон процестерін қазіргі халықаралық ғылыми пікірталастар аясында одан әрі зерттеуде қолдану мүмкіндігімен айқындалады.