Тілдік норма жүйесі және нормадан тыс қолданыстардың көрінісі

2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.31489/2026phi3(123)/139-149
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақалада қазіргі қазақ тілінің ақпараттық-коммуникативтік кеңістікте қолданылу ерекшеліктері талданып, тілдік норманың сақталу деңгейі мен нормадан ауытқудың негізгі типтері анықталған. Тілдік норма — тіл мәдениетінің негізгі көрсеткіші. Ол сақталмаған жағдайда тілдің құрылымы бұзылады. Қазіргі кезеңде жаһандану үдерістері мен цифрлық коммуникацияның қарқынды дамуы тілдік жүйелердің ішкі құрылымына, оның ішінде тілдік норма жүйесіне тікелей әсер етуде. Әсіресе қазақ тілінің қазіргі жағдайында, виртуалды ортада нормаланған әдеби тіл мен көпшілік арасындағы бей стандарт қолданыстардың шекарасы барған сайын бұлыңғырланып, тілдік жағдаяттардың күрделенуіне алып келуде. Зерттеудің өзектілігі қазіргі ақпараттық қоғамда тілдік норманы кодификациялау мәселесінің айрықша мәнге ие болуымен түсіндіріледі. Тілдік нормадан ауытқу тек грамматикалық қате емес, ол — тілдің функционалдық дамуына және коммуникациялық сапаға әсер ететін маңызды фактор. Нормадан тыс қолданыстар қоғамдық тілдік санаға әсер етеді, жалған нормаларды қалыптастырады және сөйлеу мәдениетін төмендетеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл зерттеу қазақ тіліндегі нормадан ауытқуларды нақты мысалдар арқылы көрсетіп, олардың дұрыс қолдануына бағытталған тұжырымды пікір беруімен ерекшеленеді. Зерттеу материалы ретінде БАҚ мәтіндері, телерадио хабарларының стенограммалары, интернет-жазбалар және қате қолданыстарды анықтап, бір жүйеге келтіретін лингвистикалық сөздіктер алынды. Талдау барысында грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, мағыналық және аудармаға негізделген калька тіркестер, сондай-ақ тұрақты сөз тіркестерін қолданудағы қате қолданыстар жіктеліп, талданды. Зерттеу әдістері ретінде салыстырмалы талдау, лингвистикалық интерпретация, дискурстық талдау және контекстуалды сипаттама әдістері қолданылды. Жинақталған мәліметтер арнайы теориялық тұрғыдан жан-жақты сараланды. Зерттеу нәтижелері нормадан ауытқу көп жағдайда аударма тәжірибесіне, сөйлеу мәдениетінің төмендеуіне, фонетикалық заңдылықтарды ескермеуіне және тілдік ресурстарды дұрыс пайдаланбауына байланысты екенін көрсетті. Нәтижелерді талдау нормадан ауытқу үдерістерінде қателердің басым бөлігінің бірдей үлгімен қайталанатынын байқатты. Практикалық тұрғыдан зерттеу нәтижелері тілдік норманы қалыптастыру және сақтау мәселесін шешу үшін журналистерге, редакторларға, тіл мамандарына, сондай-ақ қазақ тілінде сауатты жазуға ұмтылатын көпшілікке пайдалы бағыт-бағдар береді. Қорытындыда тілдік нормаларды сақтау — тіл мәдениетін қалыптастырудың негізгі шарты екені атап көрсетіледі. Зерттеу тіл мәдениетін қалыптастыру, білім беру үдерісін жетілдіру, медиасауаттылық пен аударма сапасын арттыру ісіне үлес қоса алады және тіл тазалығы мен мәдениетінің сақталуын қамтамасыз етеді.