Абай шығармашылығындағы тарихи-этнографиялық штрихтар (ата кәсіп және нәсіп)

2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.31489/2026phi3(123)/211-221
Деректер сенімділігі 85 жоғары
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақалада Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы «Ата кәсіп және нәсіп» ұғымдары талданып, зерттелді. Өзіндік ерекшеліктер сараланды: еңбек пен кәсіп адамның рухани жетілуі, моральдық кемелденуі және ұлт мәдениетінің тұрақтылығы үшін маңызды фактор ретінде қарастырылады. Жүргізілген зерттеулердің негізінде авторлар тарапынан қазақ дәстүріндегі кәсіп ұғымының әлеуметтік, экономикалық және рухани мәнін ғылыми тұрғыдан ашуға мүмкіндік беретін тәсілдер ұсынылады. Талдау барысында Абай шығармаларының тарихи-этнографиялық мәні, халықтың дәстүрлі еңбек тәжірибесі және заманауи экономикалық теориялармен байланысы көрсетіледі. Еңбек пен кәсіп ұлттық мәдениет пен адамгершілік құндылықтарды ұштастыратын негізгі механизм екендігі айқындалады. Сонымен қатар зерттеу жұмысында жаһандану дәуіріндегі технологиялық серпілістердің, әсіресе жасанды интеллект пен биотехнологияның тоғысуының адамзат дамуына ықпалы сараланады. Қазіргі технологиялық трансформация экономика мен әлеуметтік құрылымдарды өзгертіп қана қоймай, адам болмысының психологиялық және рухани қырларына терең әсер ететіні негізделеді. Техногендік эволюция жағдайында тұлғаның ойлау, сезіну және әрекет ету модельдері қайта қарастырылуда, сондықтан адамзатқа құндылықтық бағдар ұсынатын рухани ілімдердің маңызы арта түскені атап көрсетіледі. Осы тұрғыда Абай Құнанбайұлының «Толық адам» концепциясы — заманауи өзгерістермен үйлесе алатын, адамгершілік пен парасаттылыққа негізделген антропологиялық модель ретінде талданады. Бұл ілімнің өзегі — ақыл, жүрек және қайрат бірлігі тұлғаның үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін әмбебап принциптер ретінде бағаланады. Зерттеу Абай идеяларының бүгінгі технологиялық өркениетте адами болмысты сақтауға, моральдық тұрақтылықты нығайтуға және саналы, жауапкершілікті қоғам қалыптастыруға бағытталған рухани-этикалық бағдар ретіндегі рөлін айқындайды. Нәтижесінде Абай мұрасының қазіргі кезеңдегі ғылыми-танымдық және тәрбиелік маңыздылығы дәлелденіп, оның адамзаттың интеллектуалдық әрі рухани эволюциясына қосар үлесі айқындалды. Абай Құнанбайұлы шығармашылығындағы қазақ халқының өзіне ғана тән тұрмыс-салтымен байланысты кәсіби мәдениеті туралы зерттеуде нақтылы мысалдар арқылы көрсетілген. Кәсіп пен нәсіптің халық мәдениетінің құндылығы және рухани коды ретінде қалыптасуы ақын шығармалары негізінде дәйектеліп беріледі. Ақынның қазақ болмысын және адам табиғатын тануға бағытталған көзқарастары этнографиялық, этнологиялық және антропологиялық деңгейлерде, ұлттық танымдық тұрғыда қарастырылған. Абай Құнанбайұлы заманында «ұлттық» деген сөз арнайы айтылмаса да, қазақ танымына сай әр ұғым, түсінікте бүгінгі заман көзімен қарағандағы «ұлттық код» бар екені сараланып берілген.