Аңдатпа
Жаһандық экологиялық дағдарыстың философиялық тамыры «жол» ұғымының экологиялық аспектісі арқылы зерттеледі. Зерттеудің басты ұстанымы – қазіргі экологиялық дағдарыс тек технологиялық немесе саяси мәселе емес, ол адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасындағы философиялық бағдардың бұзылуының салдары. «Жол» (қаз. жол, грек. hodos, араб. тариқ) ұғымы осы бағдарды қалпына келтірудің концептуалдық негізі ретінде талданады. «Жолдың» экологиялық аспектісі үш деңгейде ашылады: онтологиялық – табиғаттың өз заңдылықтарымен үйлесімді болу, гносеологиялық – ғылыми және дәстүрлі экологиялық білімнің синтезі, аксиологиялық – табиғат алдындағы моральдық жауапкершілік. Батыс экологиялық философиясы мен шығыс дәстүрлерінің (даосизм, буддизм) салыстырмалы талдауы арқылы «жолдың» трансмәдени экологиялық мазмұны айқындалады. Қазақ мәдениетіндегі «жол» коды – «Жер-Ана» концептісі, Жер-Су культі, тыйымдар жүйесі, фольклор – батыстық экоцентристік этиканың тәжірибелік үлгісі болып табылады және жаһандық экологиялық философияның теориялық тұжырымдарын мәдени-тәжірибелік деңгейде толықтырады. Бұл синтез заманауи экологиялық саясат, білім беру жүйесі мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудың мәдени-философиялық ресурсы ретінде практикалық маңызға ие.