GALEGA OFFICINALIS L. ӨСІМДІГІНІҢ N-БУТАНОЛДЫҚ ФРАКЦИЯСЫ АРҚЫЛЫ КҮМІС НАНОБӨЛШЕКТЕРІН ЖАСЫЛ СИНТЕЗДЕУ

2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.32014/2026.2518-1483.472
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Зерттеудің мақсаты. Galega officinalis L. өсімдігінің n-бутанолдық фракциясын табиғи тотықсыздандырғыш және тұрақтандырғыш ретінде пайдаланып, күміс нанобөлшектерін жасыл әдіспен синтездеу, олардың физика-химиялық сипаттамалары мен биологиялық белсенділігін бағалау болды. Синтез үшін фракцияның 0,3 г мөлшері pH 9,0 және 90 °C жағдайында 1%- дық AgNO₃ ерітіндісінің 300 мл көлемімен әрекеттестірілді. Алынған материал ультракүлгін-көрінетін спектроскопия (UV–Vis), Фурье түрлендірулі инфрақызыл спектроскопия (FTIR), сканерлеуші электрондық микроскопия (СЭМ) және энергия-дисперсиялық рентгендік спектроскопия (EDS) әдістерімен сипатталды. UV–Vis спектрінде 460 нм-де беттік плазмондық резонанс жолағы тіркелді. СЭМ микрофотосуреттеріндегі 100 бөлшекті талдау олардың негізінен сфералық пішінді, өлшемдері 46–187 нм және орташа өлшемі шамамен 99 нм екенін көрсетті. EDS нәтижелері күмістің басым элемент екенін және оның мөлшері 77,74 мас.% құрайтынын анықтады. FTIR деректері органикалық компоненттердің қатысуын көрсетті. Синтезделген үлгі ақуыз денатурациясын 58,50%-ға тежеп, 1% және 10% концентрацияларда тиісінше 54,68% және 59,03% мембрананы тұрақтандырушы белсенділік көрсетті. Микробқа қарсы сынақта өсу тежелу аймақтары Escherichia coli үшін 14,17 ± 1,07 мм, Staphylococcus aureus үшін 11,0 ± 0,0 мм және Candida albicans үшін 7,83 ± 0,76 мм болды; Pseudomonas aeruginosa-ға қарсы әсер байқалмады. Нәтижелер G. officinalis өсімдігінің n-бутанолдық фракциясын биологиялық белсенді, құрамында күміс бар наноөлшемді бөлшектер алуда қолдану мүмкіндігін көрсетеді. Металдық Ag⁰ кристалдық фазасын растау және жекелеген компоненттердің үлесін анықтау үшін рентгенфазалық және бақылау зерттеулері қажет.