МЕТАНДЫ ТЕРЕҢ ТОТЫҚТЫРУҒА АРНАЛҒАН Co–Mg ОКСИДТІ КАТАЛИЗАТОРЛАР: СИНТЕЗІ, ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ КАТАЛИТИКАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІ

2026

Жабық қол жеткізу Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.32014/2026.2518-1491.393
Деректер сенімділігі 85 жоғары
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Жұмыста метанды терең тотықтыруға арналған асыл металдарсыз, қолжетімді әрі жоғары тиімді Co–Mg оксидті катализаторлар синтезделді. Катализаторлар магний және кобальт нитраттарын термиялық ыдырату және кейін 300–1300 °C аралығындағы температураларда күйдіру арқылы алынды. Co:Mg мольдік қатынастары 2:1 және 1:1 болатын үлгілер зерттелді. Рентгендік дифракциялық талдау көмегімен күйдіру температурасының шпинельдік фазалардың (MgCo₂O₄ немесе Co₃O₄) және кубтық (Co,Mg)O қатты ерітіндісінің фазалық құрамына, кристалдық тор параметрлеріне және кристаллит өлшемдеріне әсері анықталды. 800 °C-қа дейін шпинельдік құрылымның басым болатыны, ал 900 °C-тан жоғары температурада оның ыдырап, кубтық қатты ерітінді түзетіні көрсетілді. Каталитикалық белсенділік CH₄:O₂:Ar = 5:30:65 көлемдік қатынасындағы қоспада метанды терең тотықтыру реакциясында бағаланды. Каталитикалық қасиеттер фазалық құрам мен күйдіру температурасына едәуір тәуелді болды. Ең жоғары нәтиже Co:Mg = 1:1 қатынасындағы 600 °C-та күйдірілген үлгі үшін алынып, метан конверсиясы 96,6%-ды құрады. Күйдіру температурасы жоғарылаған сайын активтену энергиясының артуы белсенді шпинельдік фазаның белсенділігі төмен қатты ерітінді фазасына айналуымен байланысты болды. Катализаторлардың жоғары белсенділігі Co³⁺/Co²⁺ тотығу-тотықсыздану жұбымен және торлық оттегінің қозғалғыштығымен, яғни Марс–ван Кревелен механизмімен түсіндіріледі. 1100 °C температуралық әсерге ұшыраған үлгілер кейінгі тотығутотықсыздану циклінен соң фазалық құрамын ішінара қалпына келтірді, бұл олардың елеулі термиялық тұрақтылығын көрсетеді. Күйдіру температурасының жоғарылауымен меншікті бет ауданы 14,9-дан 2,8 м²/г-ға дейін төмендеді және каталитикалық белсенділікпен тікелей байланыс көрсетті, ал активтену энергиясы 62,1–99,2 кДж/моль аралығында өзгерді. Нәтижелер Co–Mg оксидті жүйелердің метан бар газдарды тазартуға арналған тиімді әрі салыстырмалы түрде арзан катализаторлар ретінде перспективалы екенін көрсетті.