Аңдатпа
Мақалада ағылшын тілі сабағында оқушылардың бойында мәдениетаралық дискурсивті құзыреттілікті дамытуда эмоционалды-құндылыққа негізделген компоненттердің рөлі және олардың өзара байланысы қарастырылған.Зерттеуде дискурсивті құзыреттіліктің теориялық негіздері және оны дамыту жолдары талданды.Авторлар мақалада мәдениетаралық дискурсивті құзыреттілігіндегі эмоционалды және құндылыққа негізделген компоненттердің құрылымына және атқаратын қызметтеріне теориялық шолу жасаған.Оның ішінде ерекше аталатын, дискурсивті құзыреттіліктің сипаттамасы және эмоционалды-құндылыққа негізделген компоненттің функциялары анықталған.Зерттеудің нысаны — шетел тілін оқыту үдерісіндегі мәдениетаралық дискурсивті құзыреттіліктің эмоционалды-құндылыққа негізделген компонентінің рөлі. Зерттеу жұмысының мақсаты — ағылшын тілі сабағында оқушылардың бойында мәдениетаралық дискурсивті құзыреттілікті дамыту барысында оның құраушы бөліктері ретінде эмоционалды және құндылыққа бағытталған компоненттердің маңыздылығын айқындауға негізделеді.Осы мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер қарастырылды:1. эмоционалды-құндылыққа негізделген компоненттерге анықтама беру және құрылымын талдау;2. шет тілдік білім беру үдерісінде оқушылардың тұлғалық дамуына (екінші тілдік санасы қалыптасып жетілген тұлға) ықпал ететін эмоционалды-құндылыққа негізделген компонентінің функцияларын анықтау.Зерттеудің теориялық маңыздылығы — оқушылардың бойында полимәдени тілдік тұлғаны қалыптастыру үшін шетел тілін оқыту үдерісін эмоционалды-құндылыққа негізделген және жеке тұлғаға бағытталған үдеріс ретінде қарастыра отырып, оқушылардың дискурсивті құзыреттіліктерін қалыптастыру. Зерттеудің практикалық құндылығы — ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелері жалпы орта білім беретін оқу орындарындағы оқытудың сапасын арттыруға септігін тигізеді, зерттеу жұмысы барысында жасалған тұжырымдар осы мәселенің одан әрі зерттелуіне негіз бола алады. Зерттеуде ғылыми әдебиеттерге талдау, сауалнама, бақылау және эксперименттік әдістер пайдаланылды.