Аңдатпа
Ел азаматтарының рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік және діни саясаттың басымдығы болып табылады. Дінтану сараптамасы экстремистік идеялар мен заңға қайшы мазмұнның таралуының алдын алуға бағытталған тиімді құқықтық және сараптамалық тетіктердің бірі болып табылады. Мақалада Қазақстандағы дінтану сараптамасы қорытындысының құқықтық мәртебесі мен сапасын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылады. Сараптамалық қорытындысының ғылыми сипаты мен оның әкімшілік шешім қабылдауға практикалық әсері арасындағы байланыс мәселесіне ерекше назар аударылады. Зерттеу формалды-құқықтық, жүйелік, функционалдық және салыстырмалы-құқықтық әдістерге негізделді. Отандық тетіктерге бейімдеуге болатын элементтерді айқындау мақсатында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжандағы дінтану сараптамасын ұйымдастыру тәжірибесіне талдау жүргізілді. Авторлар қолданыстағы заңнама дінтану сараптамасы қорытындысының заңды сипатын, оны өтініш берушіге жеткізетін хабарлама хатын және уәкілетті орган сараптама нәтижелерін ескере отырып қабылдаған әкімшілік актіні ажыратуға мүмкіндік береді деген қорытындыға келеді. Қорытындының ұсынымдық мәртебесі сақталуға тиіс, бірақ оның әкімшілік шешімге ықпалы тексерілетін сапа кепілдіктерін талап етеді. Осыған байланысты авторлар үш деңгейлі модель ұсынылды: қорытындыны негіздеудің бірыңғай стандарты, күрделі және құқықтық ықпалы жоғары істерді тәуелсіз ғылыми рецензиялау, сарапшы құзыретін жүйелі дамыту және бағалау. Қолданыстағы электрондық қызмет көрсету инфрақұрылымы модельді сүйемелдейтін құрал ретінде қарастырылды. Тетіктерді пилоттық режимде сынақтан өткізу, содан кейін тиімді элементтерді заңнамалық актілерге бекіту ұсынылады.