Аңдатпа
Зерттеудің мақсаты – университетте оқып жүрген Z буын студенттерінің өмірлік табыс туралы түсініктері және оның этикалық нормалармен арақатынасын анықтау. Осыған сәйкес зерттеуде сауалнама жүргізу, деректерді талдау және құжаттарды зерделеу әдістері қолданылды. Зерттеу құқықтану және филология бағыты бойынша екі түрлі мамандық студенттеріне жүргізілді. Нәтижелер көрсеткендей, құқықтану мамандығындағы студенттер адамның әлеуметтік-экономикалық мәртебесі және еңбекке деген көзқарасына байланысты қасиеттерді бағаласа, филологиялық ғылымдар студенттері көбірек тұлғаның адамгершілік қасиеттеріне және олардың іс-әрекеттегі көрінісіне маңыз береді. Студенттік жастар дәстүрлі мәдени құндылықтарды ұстануды жалғастыруда және оларды табысқа жетуде маңызды деп санайды. Сонымен қатар қалыптасқан көзқарастар тұрақты емес және бұл буын жастарының өмірге бейімделуі кәсіби және өздері өмір сүретін ортасына байланысты өзгеруі мүмкін.