Аңдатпа
Мақалада «Моңғолдың құпия шежіресінің» тарихнамасы, деректанулық негіздері, таралу жолдары және ғылыми айналымға ену кезеңдері кешенді түрде қарастырылады. Аталған жазба дерек Шыңғыс қаған дәуіріндегі қоғамдық қатынастардың сипатын, билік құрылымының қалыптасуын және сол кезеңдегі рухани дүниетанымды зерделеуде маңызды тарихи мәліметтер береді. Сонымен қатар, шежіре көшпелі түрік-моңғол тайпаларының дүниетанымы жөніндегі деректерді қамтуымен ерекше құнды. Дүние жүзі ғалымдарының еңбектері негізінде туындының мазмұны, деректік сипаты айқындалып, құндылығы өлшенеді. Дереккөздің өзіне дейінгі Ұлы Дала кеңістігінде ғұмыр кешкен түркі қауымдарының рухани-мәдени қазыналарымен тарихи-мәдени сабақтастығы және кейінгі шежірелік дәстүрге тигізген әсері сараланады. Генеалогиялық мәліметтердің, мифологиялық элементтердің және тарихи оқиғалардың өзара байланысы қарастырылып, олардың саяси идеологияны қалыптастырудағы рөлі бағаланады. Көшпелі қоғам тарихын зерттеудегі деректік және теориялық мәселелер отандық, кеңестік және шетелдік тарихнама аясында қарастырылады. Зерттеудің әдіснамалық негізін әр кезеңдегі ғылыми еңбектерге жасалған жүйелі шолу және олардың тұжырымдарын салыстырмалы талдау құрайды. Зерттеу нәтижесінде жазба тарихи мұраның көшпелі өркениетті зерттеудегі ғылыми және деректанулық маңызы айқындалып, оның қазіргі тарихи танымдағы орны жүйеленеді.