Аңдатпа
Бұл мақала жастар арасындағы аддиктивті мінез-құлық пен копинг-стратегиялардың өзара байланысын кешенді талдауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты –аддикцияға бейімділіктің психологиялық ерекшеліктерін анықтау және стресс жағдайында қолданылатын копинг тәсілдерінің спецификасын айқындау. Міндеттері: аддиктивті мінез-құлық түрлерінің таралу деңгейін анықтау; копинг-стратегиялардың құрылымын сипаттау; екі феномен арасындағы статистикалық байланысты талдау. Негізгі идеясы аддиктивті мінез-құлықты тұлғаның эмоциялық шиеленісті реттеуіндегі дисфункционалды стратегияларының салдары ретінде қарастыруға негізделеді. Зерттеуге 130 студент қатысты. Эмпирикалық бөлімде Г.В.Лозовая-ның тәуелділікке бейімділікті диагностикалау әдістемесі және Р.Лазарустың «Копинг-стратегиялар» сауалнамасы қолданылды. Нәтижелер белсенді және қашу стратегияларының жүйелі байланысын, сондай-ақ деструктивті копинг пен аддиктивті көрсеткіштер арасындағы оңкорреляцияларды көрсетті. Жалпы алғанда, зерттеу жастардың психологиялық ресурстары мен тәуелділік қаупі арасындағы өзара байланысты айқындайды.