ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТУРИЗМНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ АСПЕКТІЛЕРІН АЙМАҚТАНУЛЫҚ ТАЛДАУ

2026

Жабық қол жеткізу Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.48371/ismo.2026.64.2.018
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақала Орталық Азиядағы туризмнің әлеуметтік-мәдени аспектілерін аймақтанулық тұрғыдан талдауға арналған. Зерттеудің өзектілігі аймақта туризмнің тек экономикалық сала ретінде ғана емес, гуманитарлық өзара ықпалдастыққа, елдердің символдық жақындасуына және ортақ әлеуметтік-мәдени кеңістіктің қалыптасуына ықпал ететін фактор ретінде маңызының артуымен байланысты. Мемлекетаралық ынтымақтастықтың жандануы және аймақтық интеграцияның жаңа үлгілерін іздестіру жағдайында туризм мәдени мұраны, тарихи жадты және аймақтың ортақ бейнелерін танытатын маңызды тетікке айналып отыр. Соған қарамастан, Орталық Азиядағы туризмнің әлеуметтік-мәдени өлшемі және оның аймақтанулық зерттеулер үшін маңызы әлі де жеткілікті деңгейде жүйеленбеген.Зерттеудің теориялық негізін Дж. Урри мен Дж. Ларсеннің «туристік көзқарас» тұжырымдамасы, Н. Салазардың «туристік бейнелер» ұстанымы, Г. Ричардстың мәдени туризмге берген түсіндірмесі, сондай-ақ Д. Тимоти мен Г. Ньяупаненің мәдени мұраны әлеуметтік және институционалдық тұрғыдан қалыптасатын санат ретінде қарастыратын көзқарастары құрайды. Мақаланың мақсаты – Орталық Азиядағы туризмнің әлеуметтік-мәдени аспектілерін талдау және олардың аймақтық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық ықпалдастық үдерістеріндегі рөлін айқындау. Зерттеуде трансшекаралық туристік маршруттар қарастырылады. Сонымен қатар ынтымақтастықтың институционалдық тетіктері мен мәдени мұраны таныстыру және ілгерілету тәжірибелері талданады. Сондай-ақ Орталық Азияны өзара байланысқан мәдени-тарихи кеңістік ретінде қабылдауға ықпал ететін факторларға назар аударылады.Зерттеу нәтижелері Орталық Азиядағы туризмнің жай ғана қызмет көрсету саласы емес, аймақ туралы ортақ түсінікті қалыптастыратын әлеуметтік-мәдени құбылыс екенін көрсетті. Трансшекаралық маршруттардың, тарихи Жібек жолымен байланысты мәдени кластерлердің дамуы, көлік-логистикалық байланыстардың нығаюы және институционалдық өзара іс-қимылдың күшеюі Орталық Азияны біртұтас кеңістік ретінде қабылдауға ықпал етеді. Туризм мәдени байланыстарды күшейтеді, ортақ мұраны өзектендіреді және өңірлік жақындасуға алғышарт қалыптастырады.Мақаланың теориялық маңыздылығы туризмді аймақтану аясында әлеуметтік-мәдени тұрғыдан талдау мүмкіндігін кеңейтумен айқындалады. Практикалық маңыздылығы зерттеу нәтижелерін трансшекаралық маршруттарды әзірлеуде, туристік бастамаларды бағалауда және Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасын ілгерілету тетіктерін жетілдіруде қолдану мүмкіндігімен сипатталады.