Аңдатпа
Бұл мақалада орталықтандырылған жылумен жабдықтау (ОЖЖ) жүйелерін басқарудың тиімділігін арттыру үшін цифрлық егіз технологиясы мен аномалияларды анықтау алгоритмдерін интеграциялау әдістемесі ұсынылған. Қазақстандағы жылу энергетикасы инфрақұрылымының жоғары тозуы мен энергия шығындарын ескере отырып, жүйенің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыру өзекті міндет болып табылады. Жұмыста Fluidit Heat бағдарламалық кешенінде Алматы қаласының бір ауданы үшін гидравликалық және жылулық модель құрылды. Модель нақты уақыт режимінде SCADA жүйесінен алынған деректермен біріктіріліп, қалдықтарды талдау негізінде аномалияларды анықтайтын тұйық итерациялық алгоритм әзірленді. Бұл алгоритм нақты өлшенген параметрлер мен модельдік мәндер арасындағы сәйкессіздіктерді анықтап, олардың себептерін (құбырлардың бітелуі, сорғының істен шығуы, реттегіш клапандардың дұрыс жұмыс істемеуі) жіктеуге мүмкіндік берді. Ұсынылған тәсіл жүктемені шектеу сценарийлерін модельдеуге, сорғы агрегаттарының тиімді жұмыс аймақтарын анықтауға және жүйенің гидравликалық режимдерін оңтайландыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, цифрлық егіз негізінде аварияға дейінгі жағдайларды ерте диагностикалау және жөндеу жұмыстарының кезектілігін жоспарлау іске асырылды. Нәтижелер цифрлық егізді қолдану аномалияларды ерте диагностикалаудың дәлдігін арттыратынын, энергия үнемдеуге және пайдалану шығындарын азайтуға ықпал ететінін көрсетті. Ұсынылып отырған әдістеме Қазақстанның басқа қалаларындағы ОЖЖ жүйелеріне масштабталуы мүмкін және жылумен жабдықтау саласында цифрлық трансформацияны жүзеге асырудың тиімді құралы ретінде ұсынылады.