Аңдатпа
Бабаларымыздың философиялық дүниетанымы негізінде қалыптасқан дәстүрлі қолөнердің эстетикалық тілі цифрлық дәуірдегі Қазақстан сәулет өнерінің көркемдік семантикасын қалыптастырудың маңызды негізі болып табылады. Зерттеу нәтижелері халықтың өмір сүру ортасы оның дүниетанымы мен мәдени құндылықтарынан туындайтынын дәлелдейді. Осы тұрғыда Қоянды жәрмеңкесі (1848–1930) ұлттық өнердің, тұрмыс мәдениеті мен кәсіпкерліктің өркендеу ортасы ретінде когнитивтік тұрғыдан зерделеніп, ұлттық дәстүрге негізделген заманауи сәулеттік модельді қалыптастырудың қайнар көзі ретінде қарастырылды. Қоянды жәрмеңкесінің әлеуметтік-мәдени және бизнес-коммуникативтік кеңістігінің моделі цифрлық архитектурадағы бейнелік-эстетикалық семантиканы, жаңа тұрмыс мәдениеті мен бизнес технологияларын дамытуға негіз болды. Зерттеу Ұлы дала өркениетінің дүниетанымдық қағидаларына сүйене отырып, қазақ сәулет өнерінің ұлттық көркемдік тілін қалыптастыруға және оның бірегей эстетикалық бейнесін нығайтуға бағытталған. Мақаланың мақсаты Ұлы дала өркениетінің философиялық дүниетанымы мен дәстүрлі қазақ қолөнерінің эстетикалық-мәдени құндылықтарының Қазақстанның заманауи сәулетіндегі семантиканы қалыптастырудағы рөлін айқындау. Зерттеудің міндеттері Қоянды жәрмеңкесінің тарихи-мәдени және кеңістіктік ерекшеліктерін зерделеу негізінде Қазақстан сәулетінің ұлттық көркемдік тілінің тұжырымдамалық моделін әзірлеу. Зерттеуде тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, мәдениеттанулық, философиялық және семиотикалық талдау әдістері қолданылды. Қоянды жәрмеңкесінің тарихи деректері, сәулеттік мұра нысандары мен дәстүрлі қолөнер үлгілері негізінде олардың мәдени-символдық мазмұны және қазіргі цифрлық архитектураның көркемдік семантикасына ықпалы кешенді түрде бағаланды. Зерттеу нәтижесінде қазақ халқының дәстүрлі философиялық дүниетанымы мен қолөнер мәдениетінің эстетикалық қағидалары қазіргі Қазақстан сәулет өнерінің ұлттық көркемдік тілін қалыптастырудың теориялық негізі екендігі айқындалды. Дәстүрлі қолөнердің өрнек, пішін және символдық мазмұны ұлттық мәдени кодтың құрамдас элементтері ретінде қарастырылып, олардың заманауи сәулеттік жобалаудың көркемдік семантикасын қалыптастырудағы маңызы негізделді. Жәрмеңкенің тарихи-мәдени мұрасы талданып, оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы мәдени коммуникация, кәсіпкерлік және қоғамдық кеңістікті дамытудағы рөлі айқындалды.