Аңдатпа
Бұл зерттеу университет студенттерінің сыни ойлау қабілеттерін дамытуда бұқаралық ақпарат құралдарына негізделген оқу мәтіндерін пайдаланудың тиімділігін талдайды. XXI ғасырдағы ақпараттың қарқынды өсуі жағдайында медиа сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау дағдылары білім берудің басты басымдықтарының біріне айналды. Медиа мәтіндер студенттерге нақты өмірмен байланыс орнатып, қоғамдағы түрлі ақпараттық ағымдарды саналы қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл дәстүрлі оқыту материалдарымен салыстырғанда студенттердің ойлау тереңдігін және деректерді бағалау қабілетін арттыруға бағытталған. Зерттеу Астана халықаралық университетінің «Екі шет тілі» мамандығының студенттері арасында жүргізіліп, екі топ (бақылау және эксперименттік) қатыстырылды. Эксперименттік топ бұқаралық ақпарат құралдарының мәтіндерімен (жаңалықтар, жарнамалар, әлеуметтік желі жазбалары, бейнематериалдар) жұмыс істеді. Алдын ала және қорытынды тест нәтижелерін салыстыру студенттердің ақпаратты талдау, дәлелдерді бағалау және авторлық ұстанымды анықтау қабілеттерінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті (p < 0,01). Сонымен қатар, студенттердің сабаққа қызығушылығы мен белсенділігі артты, ал рефлексия нәтижелері олардың ақпаратқа сыни көзқараспен қарау дағдыларының қалыптасқанын дәлелдеді. Зерттеу нәтижелері медиа мәтіндерді оқу процесіне енгізу университет студенттерінің аналитикалық, когнитивтік және коммуникативтік дағдыларын дамытудың тиімді құралы екенін көрсетті.