Аңдатпа
Мақалада қызанақты қабыршаққанатты зиянкестерден биологиялық қорғауға арналған трихограмма (Trichogramma spp.) және габробракон (Habrobracon hebetor) энтомофагтарын жаппай өсіру, капсулалау және егістік жағдайында қолдану технологияларын жетілдіруге бағытталған кешенді зерттеулердің нәтижелері ұсынылған. Зертханалық өсіру барысында температуралық және ылғалдылық режимдер оңтайландырылып, даму динамикасы мен биологиялық көрсеткіштерге әсері бағаланды. Оңтайландыру нәтижесінде трихограмманың даму ұзақтығы 9,2 тәуліктен 7,5 тәулікке, ал габробраконның даму кезеңі 10,2 тәуліктен 8,3 тәулікке дейін қысқарып, ересектерінің тіршілікке қабілеттілігі, өсімталдығы және жалпы өміршеңдігі айтарлықтай артты. Зерттеу барысында микроклиматты автоматтандырылған бақылау жүйесі әзірленіп, температура, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы және атмосфералық қысым параметрлерін үздіксіз реттеу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар энтомофагтарды механикаландырылған түрде енгізуге арналған биоыдырайтын PLA-пластиктен дайындалған 3D-баспа капсулалары жасалып, олардың конструкциялық және биологиялық тиімділігі зертханалық және далалық жағдайда бағаланды. Түркістан облысында жүргізілген далалық тәжірибелер трихограмма мен габробраконды капсула түрінде бірлесіп қолданудың мақта көбелегіне (Helicoverpa armigera) қарсы жоғары биологиялық тиімділік беретінін көрсетті: енгізу тығыздығына қарай тиімділік 65,3–79,0% аралығында болды. Алынған нәтижелер әзірленген технологиялардың қызанақты негізгі қабыршаққанатты зиянкестерден қорғауда экологиялық қауіпсіз, ғылыми негізделген және жоғары практикалық маңызға ие екенін дәлелдейді.