Аңдатпа
Бұл мақалада сүтті бағыттағы ешкі тұқымдарының ішінде ең кең таралған және өнімділігі жоғары тұқымдардың бірі – заанен ешкісі мен оның төлдерін өсіру әдістері қарастырылады. Заанен ешкісі – жоғары сүт өнімділігімен ерекшеленетін, негізінен Швейцарияда шығарылған, бүгінде көптеген елдерде кеңінен қолданылып жүрген сүтті бағыттағы асыл тұқымды ешкі. Оның төлдері болашақта аналық және аталық мал басын жаңартып, сүт өндірісін арттыруда маңызды рөл атқарады. Зерттеу барысында төл өсірудің заманауи және дәстүрлі әдістері, төлдердің алғашқы күндерінен бастап дұрыс күтім жасау, азықтандыру, денсаулығын бақылау және қолайлы микроклиматты қамтамасыз ету сынды аспектілер қамтылған. Сонымен қатар, еркек лақтардың тез жетілуі мен өміршеңдігін арттыру үшін қолданылатын зоотехниялық және технологиялық шаралар да жан-жақты сипатталған. Зерттеу барысында заанен ешкі төлдерін өсірудегі тиімді тәсілдер мен тәжірибелік ұсыныстар жүйеленіп, оларды шаруашылық жағдайында қолданудың практикалық маңызы анықталады. Зерттеу жұмысы мал шаруашылығымен айналысатын мамандарға, фермерлерге және ауыл шаруашылығы саласында білім алып жатқан студенттерге пайдалы мәлімет береді. Тауарлық сүттің сапасын арттыру және заанен тұқымды ешкі төлінің тірі салмақ қосу көрсеткіштерін жақсарту үшін туылғаннан бес күндік жастан бастап оларды құрамында 3% қант пен 1% пробиотик бар сүт алмастырғышпен қолдан өсіру тиімді болып табылады.