Аңдатпа
Мақалада салыстырмалы уәждемелік теория тұжырымдамасы аясында метатілдік (мотивациялық) рефлексиямен шартталған балалардың сөздің ішкі формасын түсіну ерекшеліктері қарастырылады. Мақалаға Қазақстанның солтүстік өңірінде тұратын 5–6, 7–8, 9–10 жастағы қазақ-орыс билингвтері мен қазақ тілді монолингвтердің метатілдік санасының эксперимент арқылы жиналған көрсеткіштері сөздің ішкі формасын және оның түрлерін (вариантты/вариантсыз, метафоралық/метафоралық емес, лексикаланған/лексикаланбаған) талдауға бірегей материал ұсынды. Мақаланың мақсаты – балалардың метасөйленімдерін салыстырмалы талдау нәтижелеріне сүйене отырып, қазақ тіліндегі сөздердің ішкі формасын қазақ-орыс билингвтері мен қазақ тілді монолингвтердің түсінуіндегі әмбебап және ерекшелік белгілерін анықтау болып отыр. Мақала ҚРҒжЖБМ гранттық қаржыландырумен жүзеге асырылып жатқан АР 26197041 «Қостілді және көптілді балалардың әлеуметтік, лингвистикалық, психолингвистикалық, лексикографиялық аспектілердегі тілдік және метатілдік рефлексиялары» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында дайындалды. Зерттеу нәтижелері тілдік таңбаның уәжділігіне ұмтылу екі респондент тобының да метатілдік ойлауына тән екенін көрсетті. Барлық жас топтарындағы монолингвтер мен билингвтердің метасөйленімдерінде сөздің ішкі формасын және оның барлық түрлерін түсіну деректері тіркелді. Сөздің ішкі формасын түсінудегі айырмашылықтар бір немесе екі тілді меңгеру деңгейімен, сөздік қор көлемімен, лингвокогнитивтік қабілеттермен және жас ерекшеліктерімен шартталған.