Аңдатпа
Кіріспе. Мақала саяси қуғын-сүргін-құрбаны Мир Али-Шер Сералиевтің архивтік-тергеу істері құжаттарын талдау және оның өмірбаянын ғылыми қалпына келтіруге арналған. Архивтік-тергеу істері дегеніміз алдын ала тергеу органдарының материалдарын, анықтау органдарының іс жүргізу құжаттарын, сот органдарының материалдарын қоса алғанда, архивтік құжаттардың тұтас блогын құрайды. Осы әр түрлі құжаттардың негізгі бөлігі, ақпараттық тұрғыда ең маңыздысы тергеу хаттамалары екендігін атап айтуға болады. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты ретінде архивтік-тергеу істерінің мәліметтері бойынша саяси қуғын-қуғын-сүргінге ұшыраған М. Сералиевтің ғылыми биографиясын қалпына келтіру болып белгіленді. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер белгіленді: архивтік-тергеу істеріне ғылыми сипаттама жасау және оны мәтіндік талдау; тергеу мәліметтеріне тарихи салыстырмалы талдау жасау арқылы оның бұрмалануы деңгейін анықтау; М. Сералиевтің тұлғалық байланыстарын нақтылау. Зерттеудің ғылыми және тәжірибелік маңыздылығы. Мақалада жасалған қорытындылар мен нәтижелер қатарында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің архивтік-тергеу істерін тарихи дереккөз ретінде қолданудың әдіс-тәсілдерін жүйелеудің ғылыми және қолданбалық маңызы бар деп білеміз. Нәтижелері. Зертеу барысында саяси қуғын-сүргін құрбаны Мірәлішер Сералиевтің түрлі қызметтерде істеген құжаттары қолға түспегендіктен оның өмірбаянын архивтік-тергеу істерінің құжаттары арқылы қалпына келтірілді. Дереккөз ретінде айыпталушы М. Сералиевтің құжаттарын талдау барысында оған тағылған «ағылшын тыңшысы» деген айыптаудың негізсіз екендігіне көз жеткіздік. Қорытынды. Айыпталушының төңірегіне топтастырылған «тыңшылардың» тізімі нақтыланды, олардың «тыңшылық-бүлдіргіштік» әрекеттерінің қисынсыздығы анықталды және мәтінге талдау жасай отырып, тергеу материалдарының бұрмалану деңгейі анықталды.