Аңдатпа
Бұл зерттеу мақаласында Қазақстанның ұлттық киномектептерінде қолданылатын оқыту әдістемесі заманауи әлемдік кинематограф контекстінде қарастырылады. Автор кино саласына мамандандыратын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларындағы педагогикалық тәсілдер мен әдістемелік ерекшеліктерге назар аударады. Зерттеу нысаны ретінде «Кинотану» және «Режиссура» бағытындағы білім беру бағдарламалары мен олардың бейіндік траекториялары алынып, олардың мазмұны мен құрылымы жан-жақты талданады. Мақалада кеңестік кино білім беру жүйесінің дәстүрлері мен әдістемелік негіздерінің Қазақстандағы ұлттық кино педагогикасына және Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші киномектептеріндегі желілік бейіндік оқытудың дамуына тигізген тарихи ықпалы сарапталады. Сонымен қатар, салыстырмалы талдау мақсатында АҚШ және Канада кино білім беру жүйелері зерттеліп, олардың оқу бағдарламаларының заманауилығы, икемділігі, кәсіби талаптарға сәйкестігі және мақсаттық бағыттарының анықтығы сияқты категориялар негізінде талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері педагогикалық тәжірибелер мен ғылыми-әдістемелік негіздердің салыстырмалы сипаттамасын қамти отырып, кино мамандықтарын оқытудағы тиімді әдістер мен жаңашыл тәсілдерді анықтауға бағытталған. Қорытынды бөлімде салыстырмалы және SWOT-талдаулар арқылы алынған ғылыми нәтижелер ұсынылады. Сондай-ақ, ұлттық кино білімінің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың тарихи рөлі мен кәсіби мұрасы зерделенеді. Мақала ұлттық киномектептердегі оқыту әдістемесін жетілдіру жолдарын ұсына отырып, кино педагогикасының даму келешегіне қатысты тұжырымдармен түйінделеді.