ПЕРФОРМАТИВТІК ТЕАТР ӘДІСТЕРІНІҢ ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚ РЕЖИССУРАСЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ

2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.47940/cajas.v11i1.1160
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақалада Әлібек Өмірбекұлының «Чехов. Толстой. Абай. Шие. Война и Мир» спектаклі қазіргі қазақ театрындағы перформативтік ойлаудың, классикалық мәтінмен жұмыс істеудің және ұлттық кодты қайта пайымдаудың айрықша үлгісі ретінде қарастырылады. Қойылым Антон Чехов, Лев Толстой және Абай Құнанбайұлы шығармаларын дәстүрлі драмалық тұтастықта қайта қарауға емес, оларды сахналық әрекет барысында дамып отыратын мәдени материал ретінде ұсынуға негізделген. Осы тұрғыдан спектакль отандық театр режиссурасындағы перформативтік модель ретінде талданады. Мақаланың мақсаты – спектакльдің көркемдік құрылымын зерделеп, онда қолданылған символдық объектілер мен режиссерлік тәсілдердің мазмұндық қызметін ашу, қойылымның ұлттық театр кеңістігіндегі жаңашылдық рөлін айқындау. Зерттеудің өзектілігі қазіргі қазақ театрында постдрамалық және перформативтік ізденістердің күшеюімен тікелей байланысты. Тақырыпты зерттеу барысында семиотикалық талдау, театртанушылық әдіс, мәдени-тарихи және салыстырмалы зерттеу, перформативтік талдау әдістері қолданылды. Аталған тәсілдер спектакльдегі символдық объектілердің қызметін ашуға, сахналық уақыт пен әрекеттің реттілігін анықтауға және перформативтік актілердің мағыналық ерекшеліктерін белгілеуге ықпал етті. Зерттеу нәтижелері спектакльдің негізгі көріністері, образдар жүйесі, актерлік ойын ерекшеліктері мен интертекстік байланыстары арқылы Антон Чехов, Лев Толстой және Абай шығармаларының бір сахналық кеңістікте тоғысуы күрделі көпқабатты мәдени контекст қалыптастыратынын көрсетті. Қойылымда Абай тарихи тұлға ретінде емес, рухани беделдің, ұлттық сананың және адамдық өлшемнің символдық фигурасы ретінде көрінеді. Оның сахнадағы күллі әрекеті спектакльдің моральдық-этикалық мазмұнын айқындайтын негізгі мағыналық тірекке айналғаны анықталды. Абай арқылы режиссер руханияттың қазіргі қоғамдағы орны, ұлттық жад мәселесін перформативтік формада көтереді. Жүргізілген талдау спектакльдің режиссерлік құрылымында перформативтік тәсілдердің, символдық объектілердің және интертекстуалдық байланыстардың маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мақала ұлттық театр кеңістігіндегі көркемдік процестерді, жаңа эстетикалық модельдерді және режиссерлік интерпретацияның қазіргі мәдени контекспен байланысын ғылыми тұрғыда пайымдауға бағытталған.