Аңдатпа
Мақалада жантақ өсімдік шикізатынан экстракттар алу технологиясын зерттеу нәтижелері қарастырылған. Зерттеу барысында аса критикалық CO₂-экстракция әдісі қолданылып, этанол қосалқы еріткіш ретінде пайдаланылды. Сонымен қатар алынған экстракттардың компоненттік құрамы талданды. Зерттеудің өзектілігі өсімдік шикізатын өңдеудің экологиялық қауіпсіз және селективті технологияларын қолдану қажеттілігімен негізделеді. Жұмыстың мақсаты – аса критикалық СО2 экстракция процесінің жантақ өсімдігі үшін оңтайлы параметрлерін анықтау. Экстракция процесі 10 МПа қысымда және 35°C температурада жүргізілді, ал қосымша еріткіш ретінде 96% этил спирті пайдаланылды. Алынған экстракттарды фракцияларға бөлу үш сепараторда жүзеге асырылып, олардың жұмыс қысымдары тиісінше 7, 6 және 4 МПа деңгейінде ұсталды. Экстракттардың компоненттік құрамы газды хроматография–масс-спектрометрия әдісі арқылы анықталды. Жүргізілген тәжірибелер нәтижесінде экстракттың жиынтық шығымы абсолютті құрғақ затқа шаққанда 9,31 г/100 г болды. Ал алынған нәтижелер аса критикалық CO₂-экстракция әдісінің өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді қосылыстарды тиімді бөліп алуға мүмкіндік беретінін көрсетті.