Аңдатпа
Мақалада жоғары оқу орындарындағы инклюзивті білім беру сапасын арттыру контекстінде оқытушылардың жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қолдану құзыреттері қарастырылады. Инклюзивті оқытуда ЖИ-дің әлеуеті жекелендіру, қолжетімділік, кері байланыс пен бағалауды жеделдету, оқу материалын бейімдеу сияқты мүмкіндіктер арқылы сипатталады. Эмпирикалық бөлім Қазақстан ЖОО оқытушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйенеді және құзыреттердің төрт қыры бойынша (когнитивтік, технологиялық, этикалық, инклюзивтік) дайындық деңгейін, қолдану жиілігін, негізгі кедергілерді және ықпал етуші факторларды талдайды. Нәтижелер оқытушылардың ЖИ құралдарын қолдануға қызығушылығы мен бастапқы тәжірибесі бар екенін, алайда қазақ тіліндегі сапалы құралдардың тапшылығы, инфрақұрылым мен әдістемелік қолдаудың жеткіліксіздігі, академиялық адалдық және деректер құпиялығы мәселелері құзыретті толық іске асыруды тежейтінін көрсетеді. Талқылауда нәтижелер халықаралық зерттеулермен салыстырылып, ЖОО деңгейінде жүйелі қайта даярлау, институционалдық саясат, инклюзивті дизайн және қазақ тіліне бейімделген ЖИ шешімдерін дамыту бойынша ұсыныстар берілді.